Спорт

Жергілікті велоспортшы Бахтияр Қожатаев өзінің ізбасарларына шеберлік сыныбын өткізді

Бахтияр Қожатаев – Джиро д`Италия Гранд-турының жеңімпазы, велоспорттан халықаралық деңгейдегі спорт шебері:

– Ең бастысы, алдыңа мақсат қоя білу керек. Діттегеніңді еш уақытта орта жолда аяқсыз қалдырмау керек. Әрине, арманға жетуде біраз белестердің кездесетені хақ. Осындай қиын тұстарда шыдамдылық танытқан жөн. Қиындыққа мойымай іспен жеңген ғана қашанда көздегенін табады. Әлі де алға қойған мақсаттарым көп. Бастысы, қажымай еңбектену. Менің өмірлік ұстанымым осы.

Кездесуде жас велошабандоздар кәсіби әріптесіне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Бұдан кейін Бахтияр Қожатаев Спорт сарайындағы велобазада шеберлік сыныбын өткізді.

Спортшы Бақтияр Қожатаевты үлгі тұтар ізбасарлары баршылық. Никита Кабачёктың велоспортпен айналысқанына 10 жылдан асқан. Маутинбайктан Қазақстанның 4 дүркін чемпионы атанған ол мұнымен тоқтап қалмай әлем деңгейіндегі спортшы атануға ұмтылмақшы.

Никита Кабачёк – маутинбайктан Қазақстанның 4 дүркін жеңімпазы:

– Бахтияр Қожатаев жастайынан спортқа құмар болды. Ендеше менің де осындай үлкен белестен көріне алатыныма сенемін. Ол үшін тынымсыз жаттығып жатырмын.

Бүгінде өңірімізде 210-ға тарта жас велоспортпен айналысады екен. 23-і Ұлттық құраманың сапында ел намысын қорғап жүр. Бастамаларын кәсіби деңгейге жеткізген өңір спортшыларының саны да аз емес.
Кездесуден кейін жас спортшылар жерлес спорт шеберінің қолтаңбасын алып, естелік фотосуретке түсті.

 

Айсулу Сергали