Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс VI сессиясы өтті

Павел Афанасьев – қалалық мәслихат депутаты:

– Қоғамдық орындарда тәртіпті қадағалауды күшейту қажет. Жазда түнгі уақытта кей көшелерді көліктермен жарыстар ұйымдастырылды. Тағы автотұрақтар мәселесі шешілсе жақсы болар еді. Тағы түнгі көңіл көтеру орындарындағы қауіпсіздік күшейтілсе деген өтініш бар.

Кейін отырыста 2016-2018 жылдарға арналған қала бюджеті талқыланды. Оған бірқатар өзгерістер еніп отыр.

Гүлнар Әмренова – Петропавл қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

– Бюджетті нақтылау кезінде игерілмей қалған не жұмсалмаған қаржыны кей салаларға бағыттамақпыз. Жалпы 392 млн 700 мың теңгеден астам сома қайтарылды. Тағы «Жас өркен» ауданына су жүйелері мен 2 балабақша құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар жасауға қаржы бөлінбек.

Сессия барысында талқыланған үшінші сауал, ол – шаһардағы апаттық жағдайдағы және ескірген үйлерді бұзу бойынша бағдарламаны қабылдауға қатысты болды.

Қуат Тәжібаев – Петропавл қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Қала әкімінің апаттық және ескірген үйлерді бұзуға қатысты тапсырмасын орындау үшін бағдарлама жобасы жасалды. Арнайы комиссия құрылып, олар барлық жағдайларды ескерді. Сөйтіп, қалада 20 осындай көпқабатты баспана анықталып отыр. Олардың орнына жаңа үйлер тұрғызылмақ.

Бұл ретте депутаттар тарапынан түрлі сауалдар туындада. Оларға шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов жауап берді.

Марат Тасамағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Бағдарлама екі бағытта жүргізілмек. Кей үйлерде тұру мүмкін емес. Сондықтан, осы жоба пайда болды. Бұзылатын үйлердің бағасын тендер арқылы таңдалатын құрылыс компаниясы мен арнайы комиссия шығарады. Ал кейін баспанасы бұзылған тұрғындар екі түрлі өтемақы ала алады. Пәтер түрінде немесе ақшалай.

Жиын соңында қала әкімі үстіміздегі жылдың 9 айында атқарған істі де қорытындылады. Бүгіндері бюджетке 1,5 млрд теңге кіріс түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 млн теңгеге артық.

 

Магжан Ахмадина