Құқық қорғау органдары

Игорь Нанаевтың өліміне қатысты тағы 3 күдікті қолға түсті

– Сол түні 23 жастағы Игорь Нанаевты белгісіз біреулер ауыр соққыға жығып, аямай сабап тастаған. Өскемендік жас жігіт қазанның 10-ы күні жан сақтау бөлімінде есін жимастан, бұл дүниемен қош айтысты.

Қазір бұл іске қатысты тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізуде. Полицейлер оқыс оқиға болғаннан кейін бірден 21 жастағы күдіктіні құрықтаған. Сол түні қыдырыста болған куәгерлерден сұрастыра келе тәртіп сақшылары бұл іске қатысы бар деген тағы 3 күдіктіні қолға түсірді.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Тергеу барысында біз тағы үш күдіктіні қолға түсірдік. Қазір олардың барлығы уақытша ұстау изоляторында. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Сонымен қатар, “Парк Сити” түнгі клубының әкімшілігі мен “Боец” күзет агенттігіне қатысты процессуалдық шешім қабылданды.

Айта кету қажет, “Парк Сити” түнгі клубында қазанның 2-і күні М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің студенттеріне арналған “SKGU style” атты кеш өткен болатын. Бірақ, ойын-сауық кешенінде аталмыш білім ордасының ғана емес, колледж студенттері де болған екен.

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Ұсталған күдіктілердің 2-уі – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің студенттері. Олардың біреуі дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне оқып жатыр, ал келесісі экономика, тарих және құқық факультетінде білім алуда. Күдіктінің үшіншісі – қаладағы колледждердің біреуінің студенті. Ал төртінші тұлға жұмыссыз болып тіркелген. Араларындағы біреуі – бірінші курстың студенті.

Игорь Нанаевтың өліміне қатысты жүргізіліп жатқан тергеу амалдарымен оның туған-туыстары мен жора-жолдастары келіспеушілік туғызып, еліміздің бас прокуратурасына онлайн-петиция жазуды бастаған. Бұл өтінішке бүгінде жинау керек 10 мың қолдың 1 мың 300-ден астамы қойылған екен. Бұған үн қатқан еліміздің бас және облыстық прокуратурасы, сонымен қатар ІІМ-де тергеу амалдарының әділ түрде жүргізілуін өз бақылауларына алыпты.

Степан Зайтлер – СҚО прокуроры:

– Қазіргі таңда прокуратура өз жағынан тергеудің әділ болуын бақылауға алды. Сотқа дейінгі тергеу амалдарында процесске қатысушылардың барлығының да құқығы сақталғандығын қадағалайтын боламыз. Қазір анау нақты кінәлі деп дөп басып айтуға ерте. Сол түні клубта 300-ден астам адам болды. Оның көбі мас күйінде болған. Сол себепті, де оқиғаның картинасын құрастыруға біраз уақыт қажет.

Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері құқық қорғау органдарының басшыларына сұрақтарын қарша боратты.

Гүлмира Тасболатқызы – КТК телеарнасының меншікті тілшісі:

– Ұсталған күдіктілердің біреуінің әкесі құқық қорғау органдарында жұмыс істейді, және оның шені полковник деген сыбыс бар. Сол рас па?

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– Оның әкесі құқық қорғау органдарында 80-ші жылдары жұмыс істеген. Сержант шенімен зейнетке шықты. Негізі балалардың барлығы қарапайым отбасылардан шыққан.

Айта кету қажет, 23 жастағы Игорь Нанаев Петропавлға Өскемен қаласынан бір ай бұрын келген. Ол жергілікті “Барс” баскетбол клубында өнер көрсетемін деп жаттыққан. Алайда, құрама сапында бірде-бір ойын өткізіп үлгермеді.

 

Риат Шони