МТРА жаңалықтары

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Василий Турашев 90 жаста

Василий Турашев – ҰОС ардагері:

– Мен мұнда 6637 әскери бөлімінің негізі қаланған күннен бастап жұмыс істедім. Түрлі қызметте жүрдім. Алдымен рота командирінен бастадым. Кейін штаб бастығының орынбасары болдым. Одан соң командир атандым. 75-ші жылы еңбек демалысына шықтым. Бірақ, соған қарамастан мен тағы 22 жыл азаматтық қорғаныс желісі бойынша облыстық сауда басқармасында жұмыс істедім.

Бүгінде 90-ға келген ардагерді туған күнімен құттықтауға әскери саланың өкілдері келіп, ізгі тілектерін білдірді.

Жұмабек Ахметов – ҚР ҰҰ Әскери институтының бастығы:

– Василий Сергеевичтің өткен өмір жолы қиын. 17 жасында соғысқа қатысқан. Кеудесінде бірнеше медалі бар. Басынан өткен қиындықтар көп. Бізбен бар білгенін бөліседі, ақылын айтады. Тек қана солдаттармен және курсанттармен ғана жұмыс істемейді, ол біздермен де тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Ол – біздің ұстазымыз.

Василий Сергеевич – жастарға үлгі, әскерилерге жол сілтеуші азамат. 90-ды алқымдаса да қарт ардагер үнемі курсанттармен және әскери борышын өтеуші сарбаздармен кездесіп, тәрбиелік сабақтарға қатысып тұрады.

Медет Ақментай – 6637 әскери бөлімінің сарбазы:

– Біз, жас сарбаздар Василий Сергеевич Турашевтан үлгі аламыз. Ол кісіге ұқсау үшін, Отан алдындағы борышымызды адал атқару керекпіз.

Василий Турашев әскери салаға өмірінің 33 жылын арнаған екен.

 

Айгерим Ержанова