МТРА жаңалықтары

Тұмауға қарсы вакцинациялау маусымы басталды

Вакцинация жүктілігі үш айға жетпеген әйелдерге, 6 айға дейінгі балаларға және жұмыртқа ақуызына аллергиясы бар адамдарға салынбайды. Ал, Раиса Кузнецова дәрігерге тексерілгеннен кейін, барып, ине салдырды. Осылайша түрлі вирустардан қорғанамын дейді зейнеткер.

Раиса Кузнецова, емделуші:

– Еш ауырған жоқ. Зейнеткерлерге тегін екен. Отбасымызбен келіп, дәрігерге тексерілеміз. Егер барлығы дұрыс болса міндетті түрде екпе салдырамыз. Есесіне, қыс бойы ауырмай, қоғамдық орындарда да еш қорықпай жүре аламыз.

Зейнеткерлер мен диспансерлік есепте тұрған жандарға тұмауға қарсы екпе тегін жасалады. Бұл санатқа дәрігерлер де кіреді. Ал, тұмаудың алдын алғысы келген өзге азаматтар 2000-2700 теңгесін қиып, ақылы түрде екпе салдыра алады.

Ақбөпе Тәңірберген:

– Негізінен тәуекел тобына журналистер де кіреді. Себебі біз репортаж жасау барысында, ақпарат жинау үшін көптеген респонденттермен тілдесеміз. Сондықтан мен де екпе жасатуға шешім қабылдадым. Бұл үшін бірнеше минутыңызды бөлсеңіз жеткілікті. Еш ауыртпайды.

1-ші қалалық емханаға тегін екпенің 7 мың дозасы әкелінген. Дәрігерлердің айтуынша мұнда күніне 400-ге жуық адамға тұмауға қарсы вакцина қойылады екен.

Наталья Памазанова, №1 емхананың инфекционист дәрігері:

– Біз 4-ші қазанда тұмауға қарсы вакцинациялау маусымын бастадық. Тегін егілуі тиіс 7 мың адамның 2431-і екпе алды. Бірінші келген адамды тексеріп аламыз. Егер ол ауырып жүрген адам болса, немесе ыстығы көтеріліп тұрса дәрі егілмейді.

Биыл облысымызға тұмауға қарсы “Гриппол плюс” вакцинацисының Ресейден 60 мың дозасы жеткізілген. Бұл үшін облыстық қазынадан 53 млн теңге бөлініпті. Мамандардың айтуынша биыл Солтүстік жарты шарда тұмаудың үш түрі кеңінен таралыпты. Ал, аталған вакцинация құрамында дәл осы вирустерге қарсы тұратын дәрумендер бар.

Фарида Мұхамеджанова, СҚО бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы:

– Биыл Н1N1, Н3N2 және В деген атпен белгілі тұмаудың үш вирусы белең алады екен. Аталғандар кейінгі бірнеше жыл көлемінде өңір төңірегінде бас көтеріп келеді. Біріншісі доңыз тұмауы деген атпен белгілі. Бірақ ол алғаш шыққан жылдардағыдай қатты қауіпті емес. Бұларды жұқтырып алмас үшін екпе жасатып, адам көп шоғырланатын қоғамдық орныдарда жүрмеу керек.

3 қазаннан бері 30 мың солтсүтікқазақстандық мемлекет есебінен тегін вакцинация алып үлгеріпті. Қазір өңірде жағдай бірқалыпты. Тұмау мен ЖРВИ-дың белең алатын тағы бір толқыны желтоқсан-қаңтар айларында болады.

Акбопе Танирберген