Қоғам

Қызылжар ауданында мүмкіндігі шектеулі жандардың “Жан қанатым” атты фестивалі өтті

Александр Шейкин – байқауға қатысушы:

– Мен мұндай шараға алғаш рет қатысып тұрмын. Негізі қолөнер маған анамнан дарыған. Бала кезден қағаз бен ағаштан түрлі бұйымдар жасағанды ұнатамын. Бұл жұмыс маған керемет әсер береді. Мынадай картинаны мен тұздалған қамырдың көмегімен жасадым. Екі күнге жуық уақыт кетті. Қамырдан жасалған бейнелерді кейін электр пешінде кептірдім.

Кейін шара акт залында жалғасты. Мұнда байқау екі номинация бойынша өтті. Қатысушылардың бірі мәнерлеп өлең оқыса, енді бірі әншілік өнерін ортаға салды.

Сахнада тұрған Эльвира Мұхамадиева сәби кезінде қолы сынған. Дәрігерлер анасын босандыру барысында қателік жіберіпті. Содан бері нәзікжанды 4-ші топтағы мүгедектердің қатарында. Бірақ, ол мұқалмай, табиғи талантын дамытып келеді. Бүгінде ол қазақ, орыс, татар және грузин тілдерінде өлең айтады.

Эльвира Мұхамадиева – байқауғы қатысушы:

– Өткен жылы мен бұл сайысқа қатысып, «Асыл әжем» әнін шырқадым. Бірінші орын алдым. Бүгін татар тілінде бұлбұл құс туралы өлең айттым. Бұл туынды қыз бен жігіт арасындағы махаббаттан сыр шертеді.

«Жан қанаты» фестивалі Қызылжар ауданында осымен үшінші рет ұйымдастырылуда. Бүгінгі байқауға бірнеше селолық округтен 30-ға жуық өнерпаз жиналған.

Руслан Растенов – «Қызылжар аудандық мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы:

– Біздің бірлестікте 300-ге жуық адам бар. Оларға арнап түрлі шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Спорттық жарыстар өткіземіз. Негізі дәл бүгінгідей фестивальдердің көмегімен біз мүмкіндігі шектеулі жандардың бойында жасырынып жатқан өнерді ашуға тырысамыз.

Байқау соңында түрлі аталым бойынша жеңімпаз деп танылған өнерпаздар марапатталды. Оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Айгерим Ержанова