МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Дені сау ұрпақ” туризм айлығы басталды

Зарина Ташимова, №24 орта мектептің оқушысы:

– Бәрінен бұрын ұнағаны тастар арқылы секіруіміз болды. Ал, арқан аспалы көпірден өткенде қиналып қалдым. Сайыс қызықты өтуде. Маған ұнады. Енді сыныптастарымызбен жазда осындай саяхаттарға шыққымыз келеді.

«Аспалы көпір», «Көлденең жол», «Төмпешік». Қатысушылар осы сынды 6 кезеңнен сүрінбей өтулері тиіс. Берілген уақыт шектеулі. Ең соңғысы «Жарақат алған туриске көмек» деп аталады.

Игорь Ермак, «Планета» туристік орталығының инструктор әдіскері:

– Кім тезірек қимылдап, кедергілерден жылдам өтсе, сол жеңеді. Балаларға бірінші қауіпсіздік техникаларын түсіндірдік. Турист құралдарын қалай пайдалану керектігін үйреттік. Балалар үлкен қызығушылықпен қатысып жатыр.

Қазанның 13-і бастау алған «Дені сау ұрпақ» түристік марафоны қарашаның 18-не дейін жалғасады. Шара Облыс орталығындағы 15 білім ошағын қамтымақ.

Болат Жанғужинов, «Планета» туристік орталығының директоры:

– Оқушылардың туристік спортпен танысып, қызығушылықтарын арттыру мақсатында байқауды қала мектептерінде әдейі өткізіп отырмыз. Біздің орталықта 14 үйірме бар. Оған 10-18 жас арлағындағы 210 жас турист қатысады. Бүгін жеңіске жеткен балаларды мектептегі апталық жиында марапаттаймыз. Жас туристер үйірмесіне келіп қатысуларына да болады.

«Дені сау ұрпақ» марафоны 40-шы орта мектепте жалғасын таппақ.

 

Акбопе Танирберген