МТРА жаңалықтары

Республикалық протез-ортопедия орталығының Петропавлдағы филиалы биыл 2 482 адамға қызмет көрсеткен

Мейрам Ақанов:

– Аяғымды өлшеп алды. Енді протезді күтіп жатырмын. Екі аптадан кейін дайын болады. Екі аяғыма тұрып, шауып кетемін деп ойлаймын.

Ал, суық күні далада қалған Мәрзия Кабрашеваның қол-аяғы түгелдей үсіп кеткен. Қарағанды облысындағы қарттар үйінен келген ол екінші аяғына арналған протездің дайын болуын тағатсыздана күтіп отыр. Бұған дейін дәл осы орталықта оң жағына жасанды аяқ салдырыпты. Бұрын мүлде төсек тартып жатқан ол қазір арбамен қозғалатын болған. Арада бірнеше минут өтісімен-ақ, нәзікжанды қос аяғына тік тұрды. Қуанышында шек жоқ.

Айту керек, Петропавл протез-ортопедия орталығы 75 орынға шақталған. Қазір мұнда 10 науқас жатыр. Әрқайсысы протез дайын болғанша массаж алып, арнайы емдеу курстарынан өтеді. Қол-аяғынан айырылған үлкен-кішінің қайта жүріп-тұруына мүмкіндік тудыратын тағы бір жандар – механик-протезистер.

– Протез жасайтын цехта жұмыс тоқтаған емес. Мұнда жұмасына 2-3 протез әзірленеді. Бұл дегеніміз, бұл аптада тағы бірнеше адам аяғынан тік тұрып, арманына ол жеткізеді деген сөз.

Мұндағылар бірінші науқастың білек-қолының өлшемі мен бедерін алады. Кейін лайықты етіп, аяқ протезін әзірлеуге кіріседі. Айту керек, орталықтағы мамандар жыл сайын шетелге шығып, біліктіліктерін арттырып тұрады. Мәселен, механик-протезист Ануар Қожабеков биыл өз мамандығы бойынша Кипр аралында өткен семинарға қатысып келген.

Ануар Қожабеков:

– Еипрда біраз тәжірибе жинап келдім. Біраз нәрсе үйрендім.

Орталықта протез-ортопедиялық бұйымдардың барлығы 70 түрі әзірленеді. Мәселен, мына жерде арнайы тапсырыспен тігілетін аяқ киімнің дизайны сызылып, пішіледі. Қазір де еліміздің 5 аймағының тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Руслан Сақыпкереев, “Республикалық протез-ортопедия орталығы” АҚ Петропавл филиалының директоры:

– Жергілікті протез-ортопедия орталығы еліміздің Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстары, Астана қаласы мен біздің өңірдің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Кәсіпорын негізінен мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайды. Үстіміздегі жылы біздің орталыққа жалпы сомасы 331 млн теңгенің тапсырысы келіп түсті. Біз оның, әзірге 87 пайызын орындадық. Биылғы жылдың 9 айында 2 482 адамға қызмет көрсеттік. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3 мыңға дейін жетпек.

Бүгінде аталмыш орталықта 83 қызметкер жұмыс жасайды. Мамандардың жұмысын жеңілдететін 120 заманауи құрылғы бар. Олар жыл сайын жаңарып тұрады.

 

Акбопе Танирберген