МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық оқушылар астрономия пәнінен республикалық турнирде 2-ші орын алды

Диана Сүлейменова – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып студенті:

– Мен бала кезден жапондардың мангасын оқыдым. Бұл кітап әр түрлі жанрда жазылған. Жеке өзіме астрономияға қатысты бөлімі ұнады. Осы шығармаға қарап, менің де бұл салаға деген қызығушылығым оянды. Болашақ мамандығымды да белгілеп қойдым. Астроном немесе нейрохирург болғым келеді.

Жақында Диана бастаған мына бір топ қыз-жігіттер астрономиядан Алматы қаласында өткен республикалық турнирге қатысты. Бұл олимпиадада олар 10 түрлі сынақтан өтіп, түрлі есептер шығарды. Сонымен қатар, қарсылас командалардың қателіктері мен мықты тұстарын анықтады. Нәтижесінде солтүстікқазақстандықтар Алматы қаласының оқушыларына есе жіберіп, екінші орынға тұрақтады.

Вадим Большебратский – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып студенті:

– Олимпиадаға біз шамамен бір ай дайындалдық. Жарыс қиын болды. Өйткені, турнирге еліміздің кіл мықтылары жиылды. Сайыста біз математикалық және физикалық есептер шығардық. Логикалық сұрақтар да болды. Мысалы, біздің тобымызға мынадай тапсырма берілді: аспанда барлық 7 планетаны көру мүмкін бе? Және оны өз қаламыздан байқай аламыз ба? Біз оның 2026-шы жылы мүмкін болатындығын теориялық тұрғыдан дәлелдедік.

Астрономиялық турнирге Қазақстанның барлық аумағынан 26 команда жиылды. Жалпы Диана мен Вадим бастаған құрам өткен жылы Мәскеуде өткен халықаралық олимпиадаға қатысып, үздік 5-ке енген еді.

Дина Құдабаева – Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика және астрономия пәні мұғалімі:

– Бұл балалардың астрофизикаға деген қызығушылықтары зор. Сол себепті, олар астрономия үйірмесіне келіп, осы саладағы білімдерін толықтырып жүр. Мұнда әр түрлі жастағы оқушылар келеді. Біз оларды 10 адамнан 8 топқа бөлдік. Бұл жерде балалар элективті курстан өтіп, аспанды зерттейді. Телескоп та жасайды.

Қазір бұл төрт оқушы астрономия мен астрофизика пәнінен 2017-жылдың наурызында РФ-нда өтетін келесі олимпиадаға дайындық үстінде.

 

Айгерим Ержанова