МТРА жаңалықтары

“Айна көз” көз орталығында облыстың офтальмологтарына арналып семинар ұйымдастырылды

Любовь Леонтьева – “Айна көз” көз орталығының бас дәрігері:

– Тегін медициналық көмектің кепілденген көлемін көрсету аясында біз ақысыз да жұмыс жасаймыз. Биылдың өзінде күндізгі стационарда 400-ге жуық адам емделді. Сонымен қатар 10 мыңдай адам дәрігерлердің қабылдауында болып кеңестер алды. Аптаның әр жұмасында қант диабетіне шалдыққандармен жұмыс жасаймыз. Орталықта қызметтің 100-ге жуық түрі көрсетіліп, қиын деген оталардың барлығы жасалады.

Бүгінде орталықта 38 білікті дәрігер жұмыс істейді. Мекемеде глаукоманы емдеп, қылилықты түзейді. Қабаққа ота жасап, көзге жұмсақ хрустальдар да орнатады. Алғашқы тексеру 2-3 сағатқа дейін жалғасады екен. Сонымен қатар мұнда өңірдің офтальмолог дәрігерлеріне арналып түрлі семинарлар ұйымдастырылады. Бүгінде облыстың ақ халаттылары тағы бас қосты. Жиынға арқау болған тақырып көздің аллергозасы. Семинарға облыстық аурухананың дәрігер-офтальмологы Жанат Бекумов келіпті. 3 жылдық еңбек өтілі бар маманның айтуынша осындай жиындар жұмысты әлде қайда жеңілдетеді. Өйткені дәрігерлер тәжірибе алмасып, білген-түйгендерімен бөліседі.

Жанат Бекумов – облыстық аурухананың дәрігер-офтальмологы:

– Біздің жұмыспен басқа жақтарға шығу өте қиын. 5-6 жылда бір-ақ барып семинарларға қатысамыз. Медицина бір орында тұрмайды, ол күн сайын өзгеріп отырады. Біздің қаламызға түрлі институттардың профессорлары, дәрігерлері келіп тәжірибе бөлісіде. Бұл әрине үлкен көмек.

Жыл сайын мұндағы дәрігерлер еліміз бен Ресей, Украина және де Ұлыбританиядағы алдыңғы қатарлы емханаларда біліктіліктерін арттырып тұрады. Жуырда ақ халаттылар Мәскеуде өтетін семинарға аттанбақ.

 

Риат Шони