Спорт

СҚО ат жарысы маусымы жабылды

Мейрбек Ахматов – жарысқа қатысушы, Ақмола облысы:

– Жарыста мен Ақмола облысының намысын қорғаудамын. Негізі өзім Қырғызстанда туып өстім. 11 жасымнан ат жарысқа қызығушылығым пайда болып, осы спорт түрімен айналыса бастадым. Қазір Қазақстанда осы бағытта жұмыс істеймін. Бүгінгі бәйгеде мені алғашқы орынға шығарған атым – «Геркулес». Бірер сәттен соң 4 жасар желіс аттардың шабысына қатысамын.

Бұдан соң ипподромға жиналған қауым 7 шақырымға созылатын жорға жарысты тамашалады. Бұл бәйгеге 5 ат қатысты. Кілең шабандоз жігіттердің арасында өз сәйгүлігін баптап келген 18 жасар ару Светлана Крылова да сынға түсті. Жарыстың басынан №2-ші шабандоз тізгінді қолға алып, бірінші позицияны ұстанды.
Айту керек, бұл бәйгеде жарыстан шеттетілгендер де болды. №16-шы шабандоз сайыс ережесін бұзып, жүлдеге қол жеткізер сәтте ойыннан шығып қалды.

Ал Светлана жарыс соңына дейін бар күшін салып,жеңімпаз атануға тырысты. Тізгіндеген 6 жасар «Респект» те жорғасынан танбай мәреге бірінші болып жетті.

Светлана Крылова – жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Бүгінгі қарсыластарым мықты болды. Бірақ мен өзіме және сәйгүлігіме сендім. Басынан бастап бір қалыпты сақтап, жарыс жолынан шығып қалмауды қарап отырдым. Өйткені, бұл бәйгеде бастысы ережені бұзбай, жорға жүрісті сақтап қалу керек.

Бұл жолғы бәйге ат жарыстың 9 түрі бойынша өтті. Ұлттық спорт түрінен бағын сынап, әр кезеңде жеңімпаз атануға дәмелі шабандоздар қатары да аз болмады. Оған қоса өңірлік жарысқа солтүстікқазақстандықтардан өзге Ақмола мен Ақтөбе облыстарынан және Астана қаласынан үміткерлер келіп отыр. Қатысушылардың саны – 50.

Мұрат Қалықов – ат спорты түрлерінен БЖСМ директоры:

– Бұл биылғы жылдың 3-ші жарысы. Жалпы ағымдағы жылы біздің шабандоздар 4 мәрте сырттағы жарысқа қатысты. Қазір ұлттық спортымыз дамып келеді.

Кейін жергілікті тұқымдас аттар мен құнан және аламан бәйге жарысы өтті. Барлық шабандоздар диплом, кубок және ақшалай сыйақылармен марапатталды. Жалпы бұл жолы қанжығасын жүлдемен ең көп майлаған солтүстікқазақстандық шабандоздар болды. Олар 9 сайыста 3 мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілді.

 

Айгерим Ержанова