Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданында саңырау құлақ жеп уланған білдей бір отбасы көз жұмды

Олег Завьялов – облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Ауруханаға түскенде балалардың барлығы ауыр халде болды. Олар тамақ іше алмай, құсып жатты. Терілері бозарып кетті. Олардың барлығы бірдей жан сақтау бөліміне жатқызылды. Бірінші күннен бастап облысымыздың бас токсикологының қатысуымен науқастарды емдеу жолы туралы дәрігерлердің кеңесі құрылды. Кейін еліміздің бас маманы да шақыртылды.

Жан сақтау бөлімінде жатқан науқастарға көмек көрсету үшін солтүстікқазақстандықтар донор болып, қан да тапсырған. Ақ халаттылар қажетті ем-дом шараларын қолданып, барын жасапты. Алайда, әлемдік тәжірибе көрсеткендей саңырауқұлақтан уланған адамды құтқару мүмкін емес.

Олег Завьялов – облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Науқас үш баланың да трансаминазаларының көрсеткіші нормадан мың есе асып кеткен. Нәтижесінде бауырдың бұзылуы байқалды. Бұдан кейін бүйректің де қызметі біртіндеп тоқтай бастады. Біз балаларды бірден өкпені жасанды вентиляциялау аппаратына қостық. Өкінішке қарай, қазанның 5-і ең кішісі Олеся күз жұмды, кейін 9-ы күні 8 жастағы Ксения, бұдан соң бүгін 12-дегі Татьяна қайтыс болды. Біз емдеу барысында қажетті қанды орталықтан тиісті мөлшерде ала алдық. Ол жағынан мәселе туындаған жоқ.

Ал уланған қыздардың анасы 3-ші қалалық ауруханада қазанның 2-і күні көз жұмған болатын. Жаңбырлы мезгілден кейін өсетін саңырауқұлақ – өсімдіктердің ішіндегі ең көп тарағаны, олардың 100 мыңдай түрі кездеседі. Ал солардың ішінде жеуге жарайтынының 100-ге ғана жуық түрі бар екен. Қазір саңырауқұлақтарды қаламыздың әр бұрышында сатып алуға болады. Бірақ, барлығының дұрыс екеніне көз жеткізетін қандай да бір құжат жоқ. Сол себепті, аталмыш өсімдікті таңдау кезінде аса сақ болған жөн.

Любовь Кожина – сатушы:

– Саңырауқұлақтарды біз шілде айында жинай бастаймыз. Көбіне жергілікті орман-тоғайларда өседі. Мамлют ауданына да барып тереміз. Майқұл, груздь, түлкішек сынды өзіміз білетіндерін тереміз. Ал таныс еместеріне мүлдем жоламаймыз. Барлығын тазалап, тұздайтындарын тұздаймыз.

Ресми емес деректер бойынша 32 жастағы марқұм Вероника мен қыздары жалған томарқұлақты қуырып жеген. Алайда, бұның анығы медициналық сот сараптамасынан кейін белгілі болады.

 

Риат Шони