Қоғам

Петропавлда боулингтан сегізінші “Қала кубогы” турнирі ұйымдастырылды

Гүлнәр Мурсалимова – «Bowling Centre №1» ойын-сауық кешені директорының орынбасары:

– Бұл турнирге жас ерекшелігіне қарамастан кез келген адам қатыса алады. Жарыста балалар мен әйелдерге арналып алдын ала 8 ұпай үлестіріледі. Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылардың барлығына бильярд және боулинг ойындарына 1 сағатттық флаер беріледі. Ал жеңімпазға кубок табысталады.

“Қала кубогі” турнирі үш кезеңнен тұрады. Іріктеу, жартылай финал және ақтық кезең. Қатысушылар екі, “А” және “В” топтарына бөлінген. Соңғысында жарыс жолына 8 адам шығады. Қазір, әзірге көш басында Тұрғынбек Шәріпов тұр. Оның қоржынында 470 ұпай бар.

Тұрғынбек Шәріпов – жарысқа қатысушы:

– Мен бұл жарыстарға үшінші чемпионаттан бері қатысып келемін. Соңғы кездері уақытым болмай жүрген. Бүгін, міне ретін тауып келіп отырмын. Жастар көп екен. Ол, әрине қуантарлық жағдай. Барлығы да мықты. Жеңіске жетуге тырысамыз.

Әне-міне дегенше жартылай финал да басталды. Қатысушылар бірінен соң бірі шарды домалатып, барынша көп кеглиді құлатуға тырысуда. Кейбірі, тіпті дабл страйк, спеа жасап жатты.

Жалпы 15 жыл бойы петропавлдықтар мен қала қонақтарына үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Bowling Centre №1» ойын-сауық кешені өз клиенттеріне тиімді ұсыныс жасайды екен. Әр мереке, туған күндерде мұнда арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Денис Коваленко – «Bowling Centre №1» ойын-сауық кешенінің аға механигі:

– Бізде түрлі сертификаттар сатылады. Бұны алғаннан кейін сіз 6 немесе 24 сағат тегін боулинг ойнай аласыз. Ал дүйсенбі, сейсенбі және сәрсенбі күндері бір сағат боулинг ойнауға келсеңіз сізге сыйлық ретінде қосымша 60 минут беріледі.

Көзді-ашып жұмғанша үш сағатқа жоспарланған жарыс өз аяғына да келіп жетті. Турнир қорытындысы бойынша “А” тобында Ахад Мусаев жеңімпаз атанды, ал “В” тобында Тұрғын Шәріповке тең келер ешкім болмады. Барлығы кубок және дипломдармен марапатталды.

 

Риат Шони