МТРА жаңалықтары

Өңір кәсіпорындары мемлекет қолдауын сезінуде

Мысалы, мына қондырғыны көпқабатты баспананың әр пәтеріне тоқты біркелкі тарату үшін қолданады. Тұстаманың ұңғыл-шұңғылдары, бүгілген жерлері көп екен. Оны бұрынғы білдектермен әзірлеу үшін компания жұмысшылары көп күндерін шығындаған көрінеді. Оған қоса өнімділігі де өте төмен болған. Қазір ескі қондырғылардың орнын су жаңа түркияның көпфункционалдық сандық бағдарламалық басқару білдегі алмастырыпты.

Нәтижесінде өнім сапасы жоғарылап, бұйымның ассортименті өскен.

Вячеслав Терентьев – “СеверМонтажАвтоматика” ЖШС сандық операторы:

– Алдымен қажетті бұйымның сызбалары мен көлемі сандық бағдарламалық басқару білдегіне енгізіледі. Ол өзі металлды жоғары дәлдікпен тіледі, ойықтар жасап, материалды әркелкі етіп бүгіп береді. Көп функционалды. Ыңғайлы. Бір бұйымды жасау үшін бұрынғыдай бір күн емес небары 2 сағат уақыт жұмсалады.

Компаниядағылар материалдық-техникалық базасын биыл ғана жаңартыпты. Кәспорын әкімшілігі мемлекеттің қолдауынсыз заманауи қондырғыларға қол жеткізе алмас едік дейді. Үстіміздегі жылы “СеверМонтажАвтоматика” ЖШС-гі кәсібін кеңейту үшін екінші деңгейлі банктен 36 млн теңгеге несие ресімдеген. Бірақ, кәсіпкердің меншігіндегі дүние-мүлкінің құны негізгі қарызды жабуға жетпеген. Осы кезде “Даму” қоры көмекке келіп, заемның 50 пайызына кепілдік берді.

Сергей Кудашкин – “СеверМонтажАвтоматика” ЖШС директорының орынбасары:

– Біз әу бастан қондырғыларды компания қаражаты есебінен сатып алмақшы болдық. Бірақ, бұл әрекетімізден түк шықпады. Үнемі қаражат жетіспеді. Сол себепті, мемлекеттің көмегін пайдалануды жөн көрдік. “Даму” қорына жүгініп, кәсіпорындағы қаражат мәселесін шешіп алдық. Енді біз алдағы уақытта электр жабдықтарына қажетті ұсақ бөлшектерді өзімізде жасауды қолға алмақшымыз.

Компанияда 20 адам жұмыс істейді. Олардың орташа айлығы 100 мың теңгенің маңайында. Ара-тұра кәсіпорын өнімдеріне тапсырыс көлемі ұлғайғанда сыйақы да алып тұрады екен. Бүгінде “СеверМонтажАвтоматика” серіктестігінің өнімдеріне Қостанай, Алматы, Павлодар облыстарынан сұраныс көп. Өңірдегі құрылыс компаниялары арасында да кәсіпорынның тұрақты клиенттері бар. Кәсіпорын биыл 60 млн теңгенің, ал келесі жылы 300 млн теңгенің өнімін нарыққа шығармақшы.

Берік Қасен