Спорт

“Құлагер” ХК елордалық “Номад” құрамасын қарымта кездесуде тізе бүктірді

Алайда, жерлестеріміздің қуанышы ұзаққа созылмады. 30 секундтан соң астаналық Нұрлан Қабиев таразы басын теңестірді. Ал, көп кешікпей қонақтар, тіпті алға да шықты. Егор Петуховтың соққысынан ұшқан шайбаға құлагерлік қақпашы тосқауыл бола алмады. Дегенмен де солтүстікқазақстандықтар тез ес жиды. Алғашқы период аяқталмай жатып сұрмерген Сергей Жаворонков белсенділігімен танылып таблодағы есепті 2-де 2 қылды.

– Бірінші период өте қызықты өтті. Көп гол соғылды. Енді келесі кезеңдерде жерлестеріміз тағы бірнеше шайба салады деп ойлаймын.

– Мен – “Құлагер” ХК жанкүйерімін. Оларға үнемі қолдау көрсетемін. Бүгін біздің ойыншылар жеңіске жетеді.

Үзілістен соң ойынның екінші кезеңі басталды. 21-минутта қонақ команда сапындағы Артем Лакиза көк сызықтың бойынан шайбаны қақпаға дарытты. Бұдан соң жерлестеріміз қарсыласқа есе қайтару үшін намысқа тырысты. Әсіресе, шабуылшыларымыз жарап, қонақ қақпашыны біраз әбігерге салды. Ақыры периодтың орта тұсында Сергей Жаворонков шеберлігімен танылып, дубль авторы атанды.

Кейін, жерлестеріміз шабуылға қарқын қосты. Бұл құлагерліктерге өз жемісін берді де. Екінші период соңында Александр Нурек шайба соғып, құрамасын алға шығарды. Сонымен, есеп 4-те 3. Осындай көрсеткішпен командалар үзіліске тарасты. Ал, үшінші кезеңде таблодағы есеп өзгермей сол қалпында қалды. Осылайша, “Құлагер” ХК-ы “Номад” құрамасын қарымта кездесуде тізе бүктіріп, 3 ұпайды қоржынға салды.

Сергей Жаворонков – “Құлагер” ХК шабуылшысы:

– “Номад” ХК ұжымында жас жігіттер көп. Сондықтан, олар өте жылдам. Бүгін алғашқы кездесудегі қателіктерді жібермеуге тырыстық. Нәтижесінде жеңіске жеттік. Бұған, әрине қуаныштымыз. Матч барысында жанкүйерлердің қолдауын сезіндік. Осы үшін көрермендерге алғысымды білдіремін.

Енді, “Құлагер” ХК чемпионаттағы келесі ойынын қазанның 13-14 күндері сырт алаңда өткізеді. Бұл жолы жерлестеріміз көкшетаулық “Арлан” командасымен кездеспек.

 

Култанов Байболат