МТРА жаңалықтары

«Қонақжай Петропавл» байқауына өтініштер қабылдануда

Юлия Коняева- «Токио» дәмханасының әкімгері:

– Бірден екі аталым бойынша сынға түсуге ниет еттік. Ол «Қаланың үздік дәмханасы» және «Үздік тапсырыс жеткізу» номинациялары. Байқауға екінші рет қатысып отырмыз. Осы жолы жеңіске жететіндігімізге сенеміз. Өйткені тапсырыс жеткізу ісін жақсарта түстік. Біздің дәмхана жапондық және итальяындық тағамдарды өте дәмді етіп әзірлейді.

Ал «Гринвич» кешені байқауға бірінші рет қатысуда. Ағымдағы жылдың ақпан айында ашылған қонақжайға бүгіндері меймандар көптеп келеді. Өйткені мұнда жайлы, әрі әдемі. Сондықтан «Үздік қонақжай» аталымында жеңістен дәмеліміз дейді кешеннің менеджері.

Екатерина Попова- «Green Which» қонақ үй кешенінің sales-менеджері:

– Қонақ үйде шығыстың қонақжайлылығы мен европалық әсемдікті сезінуге болады. Бізде әр түрлі санаттағы адамдарға арналған бірнеше нөмірлер, 2 сауна, мейрамхана бар. Мұның барлығы тәулік бойы жұмыс жасайды. Сол себепті олар жайлы тұрғындардің көбірек білгенін қалаймыз. Және де жеңіске жететінімізге сенеміз.

Әрине байқау болғасын жеңістен барлығы дәмелі. Бірақ жүлдегерлерді халық таңдайды. Әлеуметтік желілер мен konkurs.nkregion.kz сайтында дауыс беру жүріп жатыр. Тағы сайысқа қатысушыларды сарапшылар да тексеретін болады. Олар мекемелерге жасырын баруы да мүмкін.

Сайран Хамзин, “СҚО рестораторлар мен отельерлер ассоциациясы” ҚБ төрағасы:

– Әр салаға баға беру үшін біз мықты деген сарапшыларды шақырттық. Қоғамдық тамақтану, мейрамхана, дәмханаларды бағалауға Қазақстан аспаздар қауымдастығының төрағасы келеді. Ал қонақжайлардың қызмет көрсетуі мен жайлылығын тиісті бірлестік өкілдері тексеретін болады.

Тұрар Ысқақов- СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Мұндай байқаулар бәсекелестікті қыздырады. Тұрғындар өздері ұнататын мекемелерді таңдап, оларға баға беретіндіктен, қандай дәмхана, қонақүйдің шыныменде жақсы екендігін аңғаруға болады. Сондықтан барлығы әділ өтеді деген ойдамын.

Жас та болса, «Мираж» мейрамханасы да сынға түсуге әзір. Ашылған жарты жылдың ішінде ғана олар 50 шақты банкетті өткізіп, 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп үлгерген.

Екатерина Сарычева – «Мираж» мейрамханасының әкімгері:

– Кең әрі жарық залымыз бар. Ортада кедергі келтірер ештеме жоқ емін-еркін билеуге болады. Сыпайы даяшы, әдемі ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілген. Жасалатын тағамдарымыз да дәмді. Біздің мейрамхана ғана ұсынатын «Бәйтерек» атты отшашулармен ұсынылатын ас бар. Өзгелерден ерекшелігімз көп. Осылардың барлығы тұтынушыларды қызықтырады.

«Мираж» демалыс орны «Үздік мейрамхана» және «Жыл жаңалығы» сынды екі аталым бойынша сынға түспек. Жалпы байқауда 25 номинация болады. Олардың арасында үздік гид, кинотеатр, әсемдік салон, туристік фирма сындылары дәстүрге айналған. Биыл жаңалары да енгізіліпті.

Алена Третьякова – байқауды ұйымдастырушы:

– Биыл біз автокөліктерге үздік қызмет көрсету орталығы сынды аталымды қостық. Өйткені қалада көліктер саны да, олар баратын орталықтар қатары да артқан. Тағы гүлмен жұмыс істейтін флористика мекемелерін таңдаймыз. Жалпы осы жылы біз «Экспо-2017» көрмесінің желеуімен жұмыс істеп жатырмыз.

Байқауға қатысуға 50 мекеме ниет білдірді. Бірақ ұйымдастырушылар олардың саны арта түсетіндігіне сенімді. Ол үшін әлі бір аптадай уақыт бар. Ал қарашаның 18-і шараға қатысушылардың барлығы осы мейрамханаға жиылып, жеңімпаздардың есімі белгілі болмақ.

 

Магжан Ахмадина