Тігін өнеркәсібімен айналысатын кәсіпкерлер студенттермен кездесті

МТРА жаңалықтары

13:22 6 Қазан 2016

Виктория Сакирко, «Меховая радуга» ательесінің жетекшісі:

– Бізге биыл өндірістік тәжірибеден өтуге 2 студент қыз келді. Қолдарынан ештеңе келмейді, ал үйренуге құлықсыз. Жастардың дені құжаттарына тек “Тәжірибеден өтті” деген мөр басып берсе екен дейді. Болашақта осы салада еңбектенуді көздемейді. Сондықтан, біз оларға түйме қадау сияқты жеңіл жұмысты ғана сеніп тапсырдық. Біз өзімізге жұмысшыны көбіне газетке хабарландыру беру арқылы табамыз.

Ал, Александра Бережнова – Петропавл қызмет көрсету саласы колледжінің үшінші курс студенті. Ол – болашақ жұмыс берушілермен осылай бетпе-бет кездесіп, пікір алмасу мүмкіндігі туғанына қуанышты. Себебі, алдағы күні оқуын аяқтап, он саусағынан өнер тамған шебер болғысы келеді екен.

Александра Бережнова, Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:

– Бала күнімнен тігінші болуды армандадым. Оқуға түскелі әр жыл сайын түрлі шеберханаларға барып тәжірибеден өтемін. Осылайша көп нәрсені үйрендім. Мысалы қазір кез келген киімді қайта жөндеп, тігіп бере аламын. Бірақ, бұлай жиған тәжірибе аздық етеді. Білікті мамандар құлықты жастарды жиып арнайы шеберлік сыныптарын өткізіп, курстар ашса деймін.

Бүгінде Петропавл қаласындағы 3 колледжде «Тігін өнеркәсібі және киімді үлгілеу» мамандығы бойынша 140 студент білім алып жатыр. Бірақ, бұл оқу орындарын бітіргендердің барлығы дерлік өз мамандықтары бойынша тігін цехтарына жұмысқа орналаспайтын көрінеді. Сондықтан, өңірде дарынды тігіншілерді анықтап, кадрлар қатарын толықтыру мақсатында арнайы байқаулар өткізілсе дейді тігін өндірісімен айналысатын кәсіпкерлер.

Акбопе Танирберген