Мәдениет

Петропавлда Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті

Бүгінгі кеште Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінен бөлек елімізге танымал өнер майталмандары да ән шырқады. Ерлан Рысқали, Еділ Құсайынов, Әсел Рақымжан сынды әншілер халық әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Өңірімізге концертпен келіп отырған әртістер солтүстікқазақстандық өнерсүйер қауымның талғамдарының жоғары екенін айтып, ыстық ықыластарына ризашылықтарын білдірді.

Ерлан Рысқали, “Қазақ концерт” бірлестігінің әншісі:

– Солтүстік өңіріне келіп өнерімді көрсетіп жатқаныма өте қуаныштымын. Өнерсүйер қауым бізді ыстық ықыласпен қарсы алды.

Кеште көрермендер Мұқан Төлебаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов және Нұрғиса Тілендиев сияқты композиторлардың әндерін өнерпаздармен бірге қосылып шырқады. Бұдан алматылық оркестрдің концерті теріскей жұртының көлінінен шыққанын аңғаруға болады. Оркестрдің орындауындағы әуендер тыңдарманның сезімін теңіздей тулатып, жүрегін тербеді.

– Қазақтың күйін, дәстүрлі музыкасын тыңдап, көңіл күйім бір көтеріліп қалды.

– Концерт маған ұнауда. Осындай тамаша өнер иелері өңірімізге жиі келіп тұрса екен деймін.

Айта кетен жөн, 82 жылдық тарихы бар Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Петропавлда осымен 6-шы рет концерт беріп отыр.

 

 

Айсулу Сергали