МТРА жаңалықтары

Петропавлда қазанның 8-9 аралығында су беру тоқтатылады

Сергей Визеров – “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

– Биыл жоспарлы түрде су беруді тоқтату қазанның 8-9 күндеріне келіп отыр. Біз халықты дүйсенбіден бастап ескертіп келеміз. Жұма күні түнгі сағат 12-де су тоқтатылады. Осы ретте айта кету қажет, барлық жұрт 7-і күні жаппай бір уақытта су ала бастайды. Сол кезде көпқабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттағы пәтерлерінде тіршілік көзі болмай қалуы мүмкін. Бұл қысымның аз болуына байланысты. Сол себепті, суды ертерек немесе сәл кейінірек алу қажет.

Ал су екі күнге тоқтатылған уақытта “Қызылжар су” кәсіпорны қаладағы мектеп-интернат, ауруханалар сынды әлеуметтік маңызы бар нысандарға тіршілік көзін өз көліктерімен жеткізіп береді. Тек ол мекемелер серіктестікке қоңырау шалып ескертулері қажет.

Сергей Визеров – “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

– Түнгі 12-де суды сөндіргеннен кейін тіршілік көзін құбырларды тазарту мақсатында таңғы 6-7-ге дейін ағызамыз. Бұл кезде судың ағу жылдамдығы секундына 5-6 метрге дейін жетіп, барлық қоқыстар, тұрып қалған топырақ пен тат сыртқа шығарылады. Кейін сенбі барлық ақауларды жөндеп, жексенбі күні суды хлормен тазартамыз. Бастапқы кезде жіберілген тіршілік көзін қолдануға болмайды. Өйткені, оның құрамында жоғары концентрациясы бар хлор болады. Оны ішкеннен ешкім уланбайды. Бірақ, қолданбаған жөн.

Жалпы қазіргі таңда Петропавл қаласында ұзындығы 308 шақырым болатын су тартқыш желі бар. Осы аптаның соңында оның барлығы тазартылады. “Қызылжар су” кәсіпорны мамандарының айтуынша жылда осындай уақытша ыңғайсыздықтардың туу себебі – қаланы сумен қамтитын жалғыз ғана тіршілік көзі бар. Ол – “Есіл” өзені. Алдағы уақытта серіктестік Пестрое көліне құбырлар тартып апаттық тіршілік көзі ретінде пайдаланбақ. Сол кезде қалалықтар бұндай ыңғайсыздықтарға тап болмайды.

 

Риат Шони