МТРА жаңалықтары

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов Швеция Корольдігінің ауыл шаруашылығы министрі Свен-Эрик Букты қабылдады

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңір тұрғындарының 100 пайызында арнаулы орта білімі бар. Облысымызда агроөнеркәсіптік кешенге басымдық берілген. Қазір осы салаға жаңа технологияларды енгізіп жатырмыз. Біз инвесторлармен жеке-жеке жұмыс жасаймыз. Шетелдік қалталы азаматтар бестен жеті жылға дейін салықтан босатылады. Оған қоса өндіріс ошағын тұрғызу үшін жер телімін бөліп, оған тегін инженерлік-коммуникациялар тартып береміз. Шетелдік іскер азамат елге 20 млн АҚШ долларынан астам қаржы құйса, біз инвестицияның 30 пайызын кері қайтарамыз. Алдағы жылдарда СҚО-на 500 млн АҚШ долларының инвестициясын тарту көзделуде.

Осы тұста аймақ басышысы қытайлық “Айцзю” компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жоба туралы айтып берді. Келешекте рапс, зығыр, күнбағыс сынды майлы дақылдар мен ет, сүт, бидайды терең өңдеп Ресей мен Қытай нарығына экспортқа бағыттаймыз деді. Бүгінде Швеция елі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және осы салаға арналған техника мен озық технологияны шағаруда әлемде көш бастап тұр.

Свен-Эрик Букт -Швеция Корольдігінің ауыл шаруашылығы және ауылдық аймақтарды дамыту Министрі:

– Қазақстанға жұмыс сапарымен алғаш келуім. Елдеріңіздің экономикасы тұрақты дамып келеді. Астана қаласы маған қатты ұнады. Жолда егістік алқаптарыңызды көрдім, аялдап, жердің құнарын байқадым. Екі жақ бірлесіп ауыл шаруашылығы мен тағам өнеркәсібін дамытуға кең мүмкіндік бар. Өнімнің сапасы мен өндіріс көлемін арттыру үшін сіздерге жақсы технология керек. Осы кездесуді екі күн күттім. Сондықтан келіссөздеріміз міндетті түрде нәтижелі болады.

Өңірімізде ауыл шаруашылығы техникасының тозу көрсеткіші тым жоғары дей келе Ерік Сұлтанов осы бағытта бірлескен жобаны қолға алуға болатындығын айтты шетелдік мейманға. Жиын соңында қос тарап сыйлықтармен алмасты.

Берік Қасен