МТРА жаңалықтары

“Қызылжар инвест-2016” халықаралық форумында 22 меморандумға қол қойылды

Риат Шони, тілші:

– Қазіргі пленарлық отырыс соңында солтүстікқазақстандықтармен әріптестік орнатуға дайын инвесторлар 20-дан астам меморандумға қол қоймақ. Тараптар ауылшаруашылығы, машина жасау, сүт пен балық өндірісі және құрылыс саласында бірлесіп жұмыс атқаруға ниетті.

Өңірге келген қалталы азаматтарды қарсы алған аймақ басшысы Ерік Сұлтанов елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне барлық жағдайдың жасалып жатқанына тоқталды. Облыста 2014-ші жылы өткен инвестициялық форумның нәтижесін де айтып өтті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2015-ші жылдың қорытынды бойынша өңіріміз инвестиция тартудан елімізде көш бастады. Ал қазір үздік бестіктің қатарынан көрінудеміз. Көрсеткішті арттыруға әлі уақыт бар. 2014-і жылы өткізілген форумның арқасында көптеген жобалар сәтті жүзеге асты. Осы жылғы жиында өз жемісін береді деген сенімдемін.

Биылғы форумға жеті мемлекеттен келген инвесторлар қатысып отыр. Шведтер аймағымызға алғаш рет аяқ басуда. Ауылшаруашылығы саласы бұл Корольдікте жақсы дамыған. Жиын барысында сөз алған Швецияның ауыл шаруашылығы және ауылдық аймақтарды дамыту министрі Свен-Эрик Букт облысымыздың әлеуетімен танысуға қуанышты екендігін айтты.

Свен-Эрик Букт – Швеция Корольдігінің ауыл шаруашылығы және ауылдық аймақтарды дамыту министрі:

– Мен мұнда швецияның ауылшаруашылығы саласындағы мықты деген мамандармен келіп отырмын. Біздің мемлекет Қазақстанды экономиканы арттыруда әріптестік орнатуға ниетті әлемнің 26 елімен теңестіруде. Біз форум қорытындысы бойынша екі жаққа да тиімді жобаларды бірігіп атқаруға ниеттіміз.

Ал өңіріміздегі инвестициялық климат жайлы отырыста облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов толығырақ тоқталып өтті. Әріптестік орнатудың келешегі әр салада бар.

Ратмир Ахметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Облысымыздың ауылшаруашылығы өндірушілері негізінен біздің ауа райыға төзімді көкөністерді жаз мезгілдерінде өсіреді. Ал қалған мезгілдерде бұл өнімдер аймағымызға еліміздің оңтүстігінен жеткізіледі. Жыл 12 ай көкөністерді өсіріп, оларды экспорттау үшін өнімділігі жылына 10 мың тонна болатын жылыжайларды салуға инвестиция қажет.

Сонымен қатар, ең бастысы кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет үлкен қолдау көрсетеді.

Ратмир Ахметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Экономика секторында жобаны іске асыруда шетелдік инвесторлар 8 жылға мүліктің салығынан босатылады. Сонымен қатар құрылыс-монтаждау жұмыстары мен құрылғыларды алуға жұмсалған шығынның 30 пайызы қайтарылады. Ал инвестициялық жобаларды іске асырғанда 5 жылға қондырғыларды, материалдар мен шикізаттарды импорттағанда кедендік баж салығынан босатылады.

Қазақстанның шикізат секторынан басқаларын дамытуға көшуі жайында еліміздің инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау баяндады. Бүгінде индустриялдық инновациялық даму негізінен еңбек ресурстары, электрмен жабдықтау және де экспортты қолдауға бағытталған.

Альберт Рау – ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары:

– Алғашқы бес жылдықта біз өңдеу секторына еліміз 25 жылда тартқан инвестицияның 75 пайызын тарттық. 2016-шы жылдың бірінші тоқсанында инвестиция 2,7 пайызға кеміді. Бірақ, геологиялық барлауды 37 пайызға арттырдық. Айта кету қажет, соңғы екі жыл өте ауыр болды. Дегенменде, индустриялдық инновациялық дамудың алғашқы бес жылдығында жүзеге асқан жобалар өзінің қарқынды екендігін көрсетті.

Келелі отырыста тараптар қай салаға инвестиция құю тиімдігі екендігін қарастырып болғаннан кейін меморандумдарға қол қоюға кірісті.

Shanxi Yunceng Bangda компаниясының бас директоры Жан Да Банг бүгінгі форумның қорытындысы бойынша “БиоАкваГрупп” ЖШС әріптестік орнатуға қол қойды. Тараптар үш жыл бойы бірігіп жұмыс атқаруда. Енді қытайлықтар келер жылы Петопавлда “артемия салина” деп аталатын шаян тәрізді құрттарды қайта өңдеу бойынша зауытты тұрғызбақ.

Жан Да Банг – “Shanxi Yunceng Bangda” компаниясының бас директоры, ҚХР:

– Біз сіздердің облыстарыңызды көп жылдар бойы зерттедік. Тұзды көлдер көп екен. Енді осы Петропавлда “артемия салина” деп аталатын шаян тәрізді құрттарды қайта өңдеу бойынша зауыт салмақ ойымызда бар. Дайын өнімді Қытайға экспорттаймыз. Зауытта негізінен солтүстікқазақстандықтар жұмыс істейтін болады. Жалпы жоба құны 939,3 млн теңге.

Бүгінгі отырыста Петропавл ауыр машина жасау зауыты АҚ Подольскілік әріптестерімен келісімшарт жасасты. Жоба құны 1,6 млрд теңге.

Қуаныш Бишімов – “ПАМЖЗ” АҚ бас директоры:

– Бұл келісімшарт бойынша біз ресейлік станцияларға энергетикалық өнімдерді орнататын боламыз. Бұл тауарларды өзіміздің зауытымызда өндіріп, кооперацияларға кіріп, бүгін меморандум жасасқан әріптестерімізбен экспортқа шығарамыз.

Айта кету қажет, 2020 жылға қарай облыста авиациялық зауыт тұрғызылмақ. Жобаны жүзеге асыру үшін отандастарымыз ресейліктермен келісімшарт жасасты. Жалпы форум соңында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар жиынтық құны 207 млрд теңгеден асатын 22 маңызды құжатқа қол қойды.

 

Риат Шони