МТРА жаңалықтары

«Қызылжар инвест – 2016» халықаралық форумына келген меймандар бірқатар өндіріс орындарын аралады

Меймандар ең алдымен «Зенченко и К» КС сүт зауытында болды. Өңіріміз бен Астана тұрғындарын өз өнімдерімен қамтамасыз ететін кәсіпорын, биылдан бастап тауарларын көршілес Қорған облысына да жеткізеді. Күніне мұндағылар 50 тоннаға жуық сүтті қайта өңдеуге қауқарлы.

Георгий Целых- «Зенченко и К» КС сүт зауытының басшысы:

– Өткен жылы біз 12 мың тоннаға жуық сүт өнімін өндірдік. Биылғы жылдың 9 айында осы көрсеткішке жетіп отырмыз. Нәтиже жаман емес.

Мұнда шетелдік мейман теріскейлік сүт өнімдерінің дәмін татып көрді. Кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен швед делегациясы “Қазетөнімі” серіктестігіне соқты. Кәсіпорын ет өнімдерінің 100 түрін шығарады. Мұнда 80-ге жуық адам еңбек етеді. Күніне серіктестік 6 тонна өнім жасайды. Ал даяр болған тауарлар тек Қазақстанда ғана емес, көршілес елдерде де сұранысқа ие.

Татьяна Куликова- “Қазетөнімі” ЖШС бас технологы:

– Биылдан бастап Ресеймен әріптестік орнатып, Қорғанда өзіміздің сауда орнымызды аштық. Енді Түменмен де жұмыс жасамақ ниеттеміз. Қазір келісімшарт әзірленіп жатыр.

Қонақтар аялдаған соңғы нысан – “ТНС-Экспорт” ЖШС болды. Элеватор 120 мың тонна астықты сақтауға қауқарлы.

Дәурен Сепбосынов- “ТНС-Экспорт” ЖШС басшысы:

– Элеватордың артықшылығы ол- өзгелерге қарағанда энергияны аз тұтынады. Сондықтан кәсіпорын бұл ретте 2-3 есе үнемдейді.

Бүгіндері олар астықты тек Қазақстанға ғана емес, Иран, Ирак, Ауғанстанға жеткізеді. Ал 2017 жылы кәсіпорын майлы дақылдарды терең өңдеу бойынша зауытты іске қоспақ ниетте. Ол жылына 600 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы болмақ.

Магжан Ахмадина