Аптадағы маңызды жаңалықтар

«Қызылжар инвест – 2016» халықаралық форумы ашылды

Мағжан Ахмадина-тілші:

– Соңғы кездері инвесторлармен талай рет кездесу өткізген өңіріміз үшін бұл форумды ұйымдастыру аса қиынға соқпаған сыңайлы. Өйткені шараларды өткізуде тәжірбие бар. Сондықтан неге жасамасқа? Ол үшін теріскейдің әлеуеті де жетерлік. Оны ұйымдастырылған көрмеден де аңғаруға болады. Оған аймағымыздың 40-тан астам кәсіпорыны қатысуда.

Теріскейліктердің ғана емес бүгіндері күллі Қазақстан мен шетелдіктер сүйсініп алатын макарон, ет, сүт өнімдерінен бөлек, мұнда жиһаздар да қойылған. Көрмеге «Фрегат» ЖШС қатысуда. Еттен 60-тан астам өнім түрін жасайтын кәсіпорын, бүгіндері қазақтың ұлттық тағамдары шұжық, қазы, сүр етті де шығарып жатыр. Бұдан бөлек, олар жартылай даярланған өнімдер жасайды. Серіктестік шетелдік нарыққа шығуды да көздеп отыр. Форум жоспарымыздың жүзеге асуына септесер деген ойда.

Роза Қапезова- «Фрегат» ЖШС шұжық цехының басшысы:

– Келешектке шетелге шығамыз ба деген ой бар. Қазір құжаттарымызды дайындап жатырмыз. Бүгін міне, жаңа инвесторлармен кездесіп жатырмыз. Ойымызда бар. Бірнеше инвесторлар келіп, қарап жатыр.

Ал инвесторлармен талай жыл жұмыс істеп келе жатқан Дитхард Рудерт немістің қалталы азаматтары әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытады дейді. Қазақстанның аграрлы аймағында форум өтеді дегенді естігенде, ол мұнда келуге қуана келіскен.

Дитхард Рудерт- «Қазақ-германдық аграрлы-саяси диалогы» жобасының басшысы:

– Мұнда жүріп, жермен айналысатын шаруалармен тілдескім келеді. Ол маған немістің бизнесмендеріне көбірек ақпарат беруіме жол ашады. Тағы осы көрмеде ет, сүт өнімдерін байқадым. Еттеріңіз өте дәмді екенін білемін. Тағы бидайдан жасалатын макарон өнімдерін көрдім. Әрине сіздерде астық көп, сондықтан оның барлығын өңдеу керек. Осы бағытта да жұмыс жасауға мүдделі біздің кәсіпкерлер табылады деп ойлаймын.

Ал шетелге тауарын экспорттайтын «Радуга» компаниясы жыл санап, өндіріс қуатын арттыруда. Өткен жылы жүгері таяқшалары мен жылдам әзірленетін таңғы астар өндірісін қолға алды.

Елена Купцова- «Радуга» ЖШС коммерциялық директоры:

– Алдағы уақытта біз жылдам дайындалатын астардың тағы бір түрін шығармақпыз. Ол өніммен біз 2017 жылы Мәскеуде өтетін көрмеге қатысатын боламыз. Бүгіндері тауарларымыз Ресейдің көптеген облыстарына жеткізіледі. Омбыда өзіміздің филиалымыз бар. Алдағы уақтта өзге мемлекеттерге де шығу ойымызда бар.

Біреулер өлкемізбен жұмыс істеймін деп, мүмкіндігімізді бағамдап жүргенде, қытайлықтар теріскейде май зауытының құрылысын бастап кетті.

Цзя Хэи- «Сиянь Айцзю Сириэлс Ойл Индастри Групп» компаниясының президенті, ҚХР:

– Біз облыста бірнеше жоба жасамақпыз. Соның алғашқысы жылына 300 тонна майлы дақылдарды өңдеуге қауқарлы зауыт болмақ. Екінші кезеңде біз бидайды терең өңдеу бойынша кәсіполрын құрмақпыз. Ол жылына 300 мың тонна бидай өңдейді. Ал үшінші кезеңде сиыр, қой етін өңдемекпіз. Тауарлар қытайға экспортталады.

Инвесторларға жасалатын жағдайлар 2-ші өңірлік инвесторлар кеңесінде сөз болды. Жиынға қатысушыларға өңіріміздің инвестициялық әлеуеті жайлы ақпаратты облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов жеткізді. 2015 жылы Солтүстік Қазақстан облысы инвестиция өсімінің қорытындысы бойынша бірінші орынға шыққанын айта кету керек. Әлемдік дағдарысқа қарамастан теріскей экономикалық өсім әкелетін бизнестің жаңа бағыттарын қарастырып жатыр.

Ратмир Ахметов- СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгіндері біздер үшін минералды-шикізат және тау-кен өндірісінде жобаларды жүргізу қызықты болмақ. Соңғы жылдары тау кен өндірісі қарқын алғанымен әлі аса дамымай тұр. Ресурстар шексіз емес сондықтан шикізаттық өндірістен өнім түрін шығаруға көшу қажет. Ол үшін бізде «Сырымбет» кешені бар. Онда қалайының мол қоры бар. Тағы бізде қаңылтыр өндірісін ашуға болады. 

Сонымен, Солтүстік Қазақстан инвесторлармен жұмыс жасауға дайын. Ол үшін бізде бар мүмкіндіктер жасалған. Алдағы уақытта инвесторлармен жұмыс жасайтын агенттік құрылмақ. Ол бір терезе қағидаты бойынша іс жүргізеді.

Мағжан Ахмадина- тілші:

– Араға екі жыл салып, Петропавл тағы шетелдік меймандарды қабылдауда. «Қызылжар инвест – 2016» халықаралық форумына бұл жолы Қазақстан мен шетелден 500-ден астам саясаткер, бизнесмен қатысады деп жоспарланып отыр. Осыдан екі жыл бұрын өткен шарада инвесторлармен 62 меморандум жасалып, ауқымды жобалар сәтті жүзеге асқан болатын. Сондықтан осы форум да өңір экономикасын дамытуға зор үлес қосарына сенім мол.

 

Магжан Ахмадина