МТРА жаңалықтары

Петропавлда жыл басынан бері 175 өрт оқиғасы болған

Рейд барысында мамандар әр үйге бас сұқты. Олар баспаналардағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын қадағалады.
ДСР ауданының тұрғыны Галина Клишина осыдан екі жыл бұрын үйдегі ескірген электр сымдарды ауыстырып, пешті жөндеткен.

Галина Клишина – ДСР ауданының тұрғыны:

– Пештегі отын жанып бітпейінше үйден шықпаймыз. Отты үнемі бақылауда ұстаймыз. Өйткені, бұл біздің өміріміз үшін маңызды. Пешті де күл-қоқыстан жуырда тазараттық. Маңын қаңылтырлап, сырладық.

Жалпы, жыл басынан бері Петропалда 175 өрт оқиғасы орын алған. Оның 126-сы жеке тұрғын үйлерде тіркеліпті. Қызыл жалын салдарынан 5 адам қаза тапса, 7 жерлесімізді күйік шалған. Тілсіз жаудан келген шығын 63 млн теңгеден асады. Ал, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзған 93 адамға 413 мың теңге айыппұл салыныпты. Мамандар тұрғындарға жылыту маусымы кезінде отпен абай болуды ескертеді.

Ербол Мұханбеталин – Петропавл қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының бас инженері:

– Соңғы рет қаламызда қазанның 3-і күні ДСР ауданында от шықты. Үй иесінің электр қондырғысына немқұрайлы қарау салдарынан монша және қорасы жанып кетті. Сондықтан адамдар әсіресе жылыту маусымы кезінде сақтық шараларын ескеру қажет. Пешті және электр сымдарын қадағалау қажет.

Айта кеткен жөн, Петропавлда өткен жылдың 9 айы ішінде 185 рет өрт оқиғасы орын алған.

 

Култанов Байболат