Аптадағы маңызды жаңалықтар

«СП Петропавл трактор зауыты» ЖШС-де егістік кешендер жасалуда

«Батыр» маркалы тракторлардың қуаттылығы – 400 ат күшіне пара-пар. Бағасы жағынан да, шетелдіктерге қарағанда біраз арзан. 30 млн теңге тұрады. Бүгіндері көліктің қозғалтқыштары Ресейден тасымалданса, рамалар, капот, кабина және тағы басқа бөлшектер осы зауытта жасалады.

Дмитрий Джаманчалов- «СП Петропавл трактор зауыты» ЖШС қызметкері:

– Шикізат уақытылы әкелінсе, біз кабиналарды жасай береміз. Керекті қондырғылар бар. Солардың арқасында жұмыс істеу қиынға соқпайды.

Әзірше, қазақстандық қамтудың деңгейі 40 пайызды құрап отыр. Болашақта осы көрсеткішті ұлғайту жоспарланған. Қазір мұнда тракторлардан бөлек, егістік кешендер құрастырылуда.

Бейсембай Қайыржанов- «СП Петропавл трактор зауыты» ЖШС бас инженері:

– Біздің егістік кешеннің қазіргі қолданып жүрген құрылғылардан артықшылығы, ол дәнді сепкенен кейін бірден жерді бораналайды. Ылғал жабуды да бір мезетте орындайды. Әмбебап кешен тыңайтқыштар мен химикаттарды себуде де таптырмайтын қондырғы болып табылады. Осындай құрылғыны біз қазір жасап, жыл соңына дейін тексеріп көрмекпіз.

Егістік кешен сынақтан сәтті өтсе, алдағы егістік науқанында дән сіңіру жұмыстарына қатыстырылмақ. Құрылғының тағы бір арқтықшылығы ол – тәулігіне 150-170 гектар жерді өңдеуге қауқарлы болмақ.

Сергей Шинкаренко – «СП Петропавл трактор зауыты» ЖШС бас директоры:

– 2017 жылы біз өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 2 мың шаршы метрлік ғимарат алып қойдық. Сол жерде біз көліктерді толығымен жинасақ, ал мына цехта барлық бөлшектерін жасайтын боламыз. Жалпы біз келешекте жылына 100 трактор және 100 егістік кешенін жасамақпыз.

Бүгіндері мұнда 45 адам еңбек етеді.

 

Магжан Ахмадина