МТРА жаңалықтары

Петропавлдық 100 жасаған қарияларды “Нұр Отан” партиясы СҚОФ мүшелері құттықтады

Валентина Смирнова, Иван Киселевтың қызы:

– Майданнан кейін де әскери салада еңбектенді. Өте сақ, тың болды. Сол себепті, 100-ден асса да болған оқиғалардың ешбірін ұмытпаған. Бізге майдандағы әңгімелерін айтып отырады. Мереке сайын әкемізге осылай көрсетіліп жатқан сый-құрметке рахмет.

Иван Матвеевичтің кеудесі орден-медальға толы. 1939 жылы әскер қатарына алынып, Қиыр Шығысқа аттанған. Сол кеткеннен елге тек 53-ші жылы оралыпты. Ол жақта тыңшылық қызметте болған екен. Жаудың жасырынған жерін табуға сенімді серігі – ит көмектесіпті. Сондықтан қарт, қазірдің өзінде төрт аяқты жануарды үйінде асырайды.

Мереке күні осындай қошеметке бөленгендердің қатарында тыл еңбеккері Нәзия Оспанова да бар. Бүгінде кейуана 7 баладан 16 немере, 25 шөбере сүйіп отыр. Шөпшектері де бар. Тыл ардагерін мейрамымен құттықтай келген нұротандықтар қарт ананың хал-жағдайын сұрап білді.

100 жастағы қарияның сонау тылда еңбек еткен кездері әлі күнге көз алдында. Ғасыр жасаған кейуананың бүгінде жалғыз тілегі бар. Бейбітшілігіміз ғұмырлы болса екен дейді.

Нәзипа Оспанова, Тыл ардагері:

– Соғыс кезінде сиырға соқа тіркеп, жер жырттық. Тамақ болған жоқ. Қазіргі жастарға бақыт тілеймін. Бейбітшілігіміз тұғырлы болсын.

Қазіргі күні Петропавлда 100 жастан асқан 8 қария тұрады. Бүгін нұротандықтар олардың барлығын үйлеріне барып, Қарттар күнімен құттықтады.

 

Акбопе Танирберген