Спорт

Петропавлда балалар және жасөспірімдер арасында футболдан облыстық чемпионат өтті

Борис Скатов – СҚО бойынша “Жас қыран” балалар және жасөспірімдер футбол лигасының жетекшісі:

– Бұл жарыс еліміздің барша аймақтарында өткізіліп жатыр. Осы қорытынды ойындарда жеңіске жеткен қос құрама Алматы және Байқоңыр қалаларында өтетін республикалық сайысқа жолдама алады. Дүбірлі дода қазанның соңы мен қараша айының басында өткізілмек.

Сонымен, жасыл алаңда – 12 жастағы футболшылардан жасақталған командалар. Құрамалар Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданынан. Ойын алма-кезек шабуылдармен басталды.

Екі жақ та жеңімпаз атану үшін барын салуда. Бірінші таймда есеп ашылмады, ал келесі кездесу қызылжарлықтардың пайдасына шешілді. Биылғы жарысқа Тайынша ауданының жастары да жақсы дайындықпен келіпті.

Нұржан Ешімбаев – жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

– Футболмен 7 жасымнан айналысып жүрмін. Футбол ойнауды өте жақсы көремін. Біздің өзіміздің бапкеріміз бар. Өте тәжірибелі. Осы аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орндарға ие болған болатынбыз.

Облыс орталығында жарыс 2 күн бойы өтті. Нәтижесінде 2000 жылғы туылған балалар арасында Петропавл қаласының құрамасы, ал 2004 жылғы спортшылар ішінен Қызылжар ауданының командасы жеңімпаз атанды.

 

Тогжан Акмагамбетова