МТРА жаңалықтары

Баға жетпес жәдігер «Алтын адам» – Петропавлда

Бас киімінің өзі 150-ге жуық бағалы заттармен әрленген. Оның барлығы аң-құстың бейнесінде жасалған және әрқайсысы бір терең мағына береді. Мәселен, арқар – таудың қия шыңында жүретіндіктен оны тәңірге бір табан жақын деп есептеген, ал, құстардың бейнелері жоғары билікті білдіреді. Сақ жауынгерінің мойнында домалақ жүзік сияқты үш оратылған алтын алқа, екі ұшында жолбарыстың бас пішіні бейнеленген. Бұл – шексіздіктің, еркіндіктің нышаны. Ал, қысқа қамзолы белбеумен буылған. Мұнда бұланның бейнесіндегі он алты бастырма жапсырылған.

Анель Кемал – ҚР Ұлттық Музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Ғылыми реконструкция таза алтыннан жасалған. Бойында 4 мыңға жуық алтын әшекей бар. Оның әрқайсысының өзіндің мәні бар.

Елордадан келген көрмені петропавлдықтар жақсы қабылдап, таң қалыстарын жасырмады. Әсіресе, “Алтын адамды” алғаш көрген оқушылар мәз-мейрам.

– Маған көрме ұнады. Бұрын-соңды “Алтын адамды” көрмегенмін.

– Алтын адамды кітаптан ғана көрдім. Көрме тамаша.

Айту керек, Петропавл – бұл көрмені қарсы алған 10-шы қала.

Алпамыс Шаримов – «Ұлттық музей сенің қалаңда» жобасының жетекшісі, Астана қаласы:

– Бұған дейін біз еліміздің Батысы мен Шығысында және Оңтүстік Қазақстанда болдық. Енді міне Солтүстік өңірге келдік. Бұл көрме тегін. 3 күнге жалғасады.

Петропавлдан кейін “Ұлттық музей – сенің қалаңда” көрмесі Қостанай қаласына жол тартпақ.

 

Айгерим Ержанова