МТРА жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы күрес шаралары күшейтілуде

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде, мемлекеттік органдарда, халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің СҚО бойынша департаменті мен әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Петропавл қаласы мен аудан орталықтарында тұрғындармен кездесу өткізеді. Облыстық әкімдіктің ресми интернет-ресурсында жемқорлық тақырыбындағы ақпараттар уақытында жаңартылады. Сондай-ақ, облыс әкімінің жеке блогы бар. Әкімдік сайтындағы “Халықтық бақылау” және “Бизнесті қорғау” бөлімдеріне тұрғындар арыз-шағымын жібере алады.

Жыл басынан бері мыңға жуық қазақстандық 14 24 қауырт желісіне қоңырау шалып, жемқорлық фактілерінің куәгерлері болғанын дер кезінде хабарлаған. Соның негізінде бірнеше шенді құрықталды. Бүгінде қылмыстары дәлелденді. Биыл жемқорлық фактілері жайлы ақпарат жеткізген 78 тұлғаның әрбіреуіне 130 мың теңгеден сыйақы беріліпті.

СҚО-сына келер болсақ, жемқорлық деңгейі өзге өңірлермен салыстырғанда төмен. Бірақ, жекелей алғанда жемқорлық көрсеткіші Петропавл қаласы мен Айыртау және Тайынша аудандарында әлі де жоғары. Мұны Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлімдеді.

Алик Шпекбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

– Қазіргі таңда құрылыс, спорт, мәдениет, білім, жер қатынастары басқармалары мен бөлімдерінде жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер көп қозғалған. Тексеріс барысында облыстарыңызда мемлекеттік қызметшілер арасында этикалық кодекс нормаларының жиі бұзылатындығын анықтадық.

Осы тұста Ерік Сұлтанов облыс әкімінің аппараты басшысына қазан айында жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізуді тапсырды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары мен шараларын одан әрі күшейтеміз. Облыс әкімінің аппараты басшысына тапсырамын. Қазан айында жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіңіздер. Онда осы жиында көтерілген мәселелер мен кемшіліктер назарға алынсын. Петропавл қаласы мен Тайынша және Айыртау аудандарының әкімдері жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан істер туралы есеп берсін.

Алик Шпекбаев облыс активіне пара алып, бірнеше жылға сотталып кеткен жерлестерімізді экраннан көрсетіп, атын атап, түсін түстеді. Мысалы, мемлекеттік меншік және жекешелендіру департаментінің бұрынғы басшысы заңсыз жолмен алынған мүлікті заңдастыру үшін кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алып, ол бұл қылығын әдетке айналдырған. Ақыры қасықтап жиған бар абырой, атағынан айрылды. 6 жылға сотталып, өмір бойы мемлекеттік қызметтен аластатылды.

Заң алдында министрлер мен олардың орынбасарлары, барлық деңгейдегі әкімдер де тең. Мемлкет қаражатына ауыз салғандар қатаң жазаланады деді Алик Шпекбаев. Елордалық мейман жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шараларын күшейту қажеттігін айтты.

 

Берік Қасен