МТРА жаңалықтары

Петропавлда 3 алаяқ әйелге қатысты сот үкімі шықты

Сотталушыларға қатысты іс 1 жыл бойы тергелді. Осылайша, қылмыскердің бірі – 60 жастағы Сара Тайжановаға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Айту керек, темір торға бұл әйел осымен екінші рет қамалып отыр. Бұған дейін де ол алаяқтық үшін заң алдында жауап берген.

Алмас Жұмағазин – Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Тайжановаға ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-шы бабы бойынша 1 жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық немесе алаяқтық жолмен келген ақшаға алынған барлық мүлкін тәркілеу, сондай-ақ, 177-ші бап бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Тайжанова коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда лауазымды қызметтерге тағайындалу құқығынан да айырылады.

Тағы бір алаяқ Оксана Войдило 7 жылға сотталды. Ал үшіншісі Альфия Жукенова өз кінәсін мойындап, жазасын жеңілдетіп отыр.

Алмас Жұмағазин – Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Альфия Жукенова 1988-ші жылы туған, ҚР-ның азаматы СҚО-ның тұрғыны. Некеде тұрмаған, кішкентай 2 баласы бар. Орта білімді, бұған дейін жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Ұйымдасқан қылмысқа қатысқаны үшін Жукенова 6 жыл бас бостандығынан айырылады.

Алаяқтардың арбауына түскен жапа шегушілердің бірі – Юрий Сёмушкин. Ер азамат оларға 4 мың доллар ақшасын ұстатқан.

Юрий Сёмушкин – зардап шегуші:

– Сот шешіміміен келісемін, әрине. Ақшамды қайтара алмаймын. Енді жазаларын темір тордың ар жағында өтейді. Адам ретінде жақсы қарым-қатынаста болдық. Сыпайылық танытып, сенімге кіріп алды.

Айту керек, енді қылмыскерлер жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болады.

 

Айгерим Ержанова