Қоғам

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ҰОС ардагерлерін Қарттар күнімен құттықтады

Георгий Герасимов – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Майданға барғанда бірінші күні кешке таман барлық қару-жарақтарды беріп, жазғы лагерьлерге аттандырды. Онда біз үш тәулік бойы ұрысқа дайын тұрдық. Кейін басқа бұйрық келіп, сол жерде шекараны бекітіп, ДОТ-тарды салдық. Бұдан соң мен батыстағы Калинин майданында ұрысқа қатыстым. Бұл жерде әйгілі Ржевск түбінде жеңіліп көрмеген фашист әскерлерінің тас-талқанын шығардық.

Георгий Иванович 1942-ші жылы елге оралып, Киров атындағы зауытта темір ұстасы болып 40 жыл еңбек еткен.
Бүгін қарияны Қарттар күні мерекесімен облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтап сыйлық табыс етті. Ардагермен дидарласқан аймақ басшысы қал-жағдайын сұрастырып, бейбіт өмір үшін сыйлауға атсалысқаны үшін алғысын білдірді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жуырда бізге Елбасы іс-сапармен келіп ардагерлерге көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Георгий Иванович, сіздің Жеңіске қосқан үлесіңіз зор. Сол үшін біздің алғысымыз шексіз. Ауырмай-сырқамай, осылай жүре беріңіз. Денсаулығыңыз мықты болсын.

Бұдан кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов ҰОС ардагері Сұлтан Мұхаметжановтың үйіне барды. Бүгінде қария 3 баладан 5 немере, 4 шөбере сүйіп отыр. Жаз бойы ақсақал өз заманадастарымен кездесіп, шахмат, дойбы сияқты үстел ойындарын ойнап уақытын өткізеді. Ал қыс мезгілінде ешқайда шыға алмайды екен. Реті келгенде қария аймақ басшысына ардагерлер кездесе алатын бір орын болса деген ұсыныс-тілегін жеткізді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Марат Иманбайұлы, ақсақалдарға қысты күндері шахмат, дойбы сынды үстел ойындарын ойнайтын бір бөлме беру қажет. Осы ұсынысты орындауыңызды сұраймын.

Төсінде медальдары жарқырап, тоқсанның төріне шыққан Сұлтан Мұхаметжанов әскер қатарына 1942 жылы шақыртылыпты. Көзі көрген барлық қанды ұрыстар қарияның есінде әлі күнге дейін қалған. 2-ші Украина майданында 128-ші, кейін 235-ші атқыштар полктарының құрамында болыпты. Сталинград түбінде, Украинада, жалпы соғыста 4 мәрте жараланған. Тіпті, бетіне тиген бір оқ желке тұсынан бір-ақ шыққан. Қарт майдангер 1946 жылы еліне аман-есен оралып, қаржы саласынды қажырлы еңбек етті.

Сұлтан Мұхаметжанов – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Петропавлдың қалалық қаржы бөлімінде 40 жыл жұмыс істедім. Соның 17 жылын бөлім басшысының орынбасары қызметінде еңбек еттім. Кейін, 1985 жылы зейнетке шықтым.

Қарты бар елдің қазынасы бар. Ел басына күн туғанда атқа қонып, жанын шүберекке түйіп жаумен аянбай күрескен майдангерлерді құрметтеу – кейінгі ұрпақтың парызы.

 

Риат Шони