Петропавлда қысқы мерзімде болатын төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі талқыланды

МТРА жаңалықтары

14:10 29 Қыркүйек 2016

Қазірдің өзінде өңірде 240 жылыту пункті бар. Сонымен қатар, облыс жолдарын қардан тазарту үшін 708 техника даярланып қойған. Былтырғы қысқы мерзімде мамандар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде жұмыс істепті.

Ерік Сарыбаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Өткен жылы қар құрсауында қалған 1939 көлік шығарылды. 4 мыңнан аса адам жылыту пунктеріне жеткізілді.

Тағы брифингте өрт қауіпсіздігі жайлы да сөз қозғалды. Өңірде жыл басынан бері 476 өрт оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 13 адам қаза тауып, 18 тұрғынды күйік шалған. Тілсіз жаудан келген материалдық шығын 90 млн теңгеден асады. Бұндай жағдайлардың алдын алу үшін мамандар жылыту маусымы қарсаңында сақтық шараларын еске салуда.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:


–  Қазір өңірде өрт қауіпсіздігі жөнінде бір айлық шара өтуде. Оның барысында біздің мамандар 7 мыңнан аса жеке тұрғын үйді аралап, азаматтарға сақтық шаралары жазылған жадынамаларды таратты. Алда жылыту маусымы келе жатыр. Сондықта, тұрғындар жер үйдегі пештерді жөндеп, ескірген электр сымдарын ауыстырса дейміз. Өйткені, статистикалық мәліметтер бойынша өрт көп жағдайда немқұрайлықтың салдарынан туындайды.

Соңғы жағдай қыркүйектің 27-сінен 28-іне қараған түні Қызылжар ауданына қарасты Налобино селосында орын алды. Қызыл жалынның кесірінен 67 жылы туылған ер азамат қаза тапқан.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:


–  Әзірге, өрттің қайдан шыққандығы анықталып жатыр. Отты село тұрғындары байқап қалып, 30 минуттың ішінде сөндіріп алған. Сонымен қатар, Петропавл қаласы мен Бескөл ауылында адамдарға иіс тию фактісі тіркелді. Абырой болғанда, тұрғындар аман-есен.

Мамандардың айтуынша жалпы, жыл басынан өңірде 103 түрлі төтенше жағдай орын алған. Салдарынан 62 тұрғын қаза тауып, 90 адам жарақат алған. 400-ге жуығы құтқарылған.

Байболат Құлтанов