МТРА жаңалықтары

Петропавлда биыл 30 ғимарат түрлі түске боялады

Бұл – қаланың сыртқы көрінісін өзгертіп, шаһарға жаңаша реңк беруде. Жұмыстың барлығы кәсіпкерлер мен жергілікті депутаттардың қаражаты есебінен жасалуда.

–  Мәселен, мына 5 қабаты үйдің сыртын дәл осындай қалыпқа келтіру үшін бір мердігер компания 25 литрлік 20 шелек эмульсия кетірген. Яғни, бір нысанға шамамен 500 литр бояу қажет.

Әуезов көшесіндегі бұл үйлерге жаңаша реңк беру үшін 5 альпинист еңбектенуде. Дәл қазір олар үйдің қасбетін бірыңғайлап, бояу жұмыстарына кірісуге дайындалып жатыр.

Игорь Муртазин – кәсіпорын директоры:


–  Бұл ғимараттың сыртқы жұмыстарын біз 3 күн бұрын бастадық. Нысанның қасбеті біркелкі емес, кедір-бұдыр. Сол себепті, алдымен оны бірқалыпқа келтіріп аламыз. Кейін барып эмульсия жағамыз. Қабырғаны үсті-үстіне 2-3 реттен бояймыз.

Бір ғимараттың сыртын көріктендіруге мамандар шамамен 10-15 күн жұмсайды екен. Жалпы биыл Петропавлда түрлі түспен 30 нысан боялады деп жоспарланған.

Дәулет Қалиасқаров – Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясының жетекшісі:

 


– Біз алдымен қаланың орталық көшелерінде орналасқан үйлерді бояймыз. Соңғы екі жыл ішінде қаладағы 47 нысанның сырты қалыпқа келтірілген. Оның 30-ға жуығы биыл атқарылды. Негізі ғимараттар дені жасыл, қызыл, көк және сары түстермен әрленуде.

Сонымен қатар, келер жылы Петропавлда тағы 50 нысанның сыртын түрлі түске бояу жоспарланып отыр.

Айгерим Ержанова