Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі өңір ұстаздарын мерекелерімен құттықтады

Бүгін де кәсіби мерекелері қарсаңында ұлағатты жандар төрден орын алған. Білім саласы қызметкерлерін құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов олардың әрқайсысының саналы ұрпақ тәрбиелеуде маңызы зор екендігін атап өтті.

Ерік Сұлтанов – СҚО әкімі:


–  Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жас ұрпаққа сапалы білім беруде ерекше көңіл бөлінуде. Елбасы білім беру жүйесінің жүрегі де, тірегі де ұстаз деген болатын. Өңірде ұстаз мәртебесін көтеріп, білім саласын дамытуға бар жағдай жасалуда.

Құттықтау сөздерден соң өңір жетекшісі «Үздік педагог-2016» республикалық байқауында жүлделі орынға қол жеткізген облысымыздың 3 ұстазына қошемет көрсетті.

Айта кету керек, еліміздің үздік ұстаздары бақ сынаған байқауға теріскейден 10 мұғалім қатысқан болатын.
Бұдан кейін сахна төріне «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Ы.Алтынсарин атындағы төс белгі иегерлері көтерілді. Осынау зор марапатқа ие болғандардың бірі – Балапан Базарбекова. Шал ақын ауданындағы Кеңес орта мектебінің директоры жылдан-жылға білім саласы жанданып, оқу ошағының материалдық-техникалық базасы жақсаруда дейді.

Балапан Базарбекова – Кеңес орта мектебінің директоры, Шал ақын ауданы:


–  Мен еңбек жолымды 1980 жылы мектептің ашылуымен бастаған болатынмын. 1994 жылы оқу ісі меңгерушісі болып бекітілдім. Одан 1997 жылы мектеп басшылығына бекітті. 20 жылдай мектепті басқарып келе жатырмын. Нәтижесіз емес. Менің 40 жылдық еңбегімді бағалағанына өзім қуаныштымын. Келе жатқан төл мерекемен барша әріптестерімді құттықтаймын. Жаңа бағдарламаға сай жаңа жетістіктер тілеймін.

Ал Айыртау ауданындағы Қызыл-Әскер орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Үсен Жауваров облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. 20 жылдан астам уақыттан бері білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаз осы уақытқа дейін талай дарынды шәкірт тәрбиелеген.

Үсен Жауваров – Қызыл-Әскер орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, Айыртау ауданы:


–  Бүгінгі таңда оқушыларым аудандық, облыстық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Айта кетер болсам, бір оқушым былтыр, жыршылар байқауының облыстық кезеңінде екінші орынға ие болды. Бір оқушым аудандық ғылыми жобалар бойынша бірінші келе жатыр.

Осы күні тағы 11 ұстаз облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жиында, сондай-ақ, «Экспо-2017» халықаралық көрмесі мен шипажайға берілетін сертификаттар да өз иелерін тапты.
Ғылым иесі ғалым да, темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да – бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Осы залда отырған ардақты мұғалімдердің алдынан шығып, еліміздің еңсесін көтеріп жүрген азаматтар жетерлік. Сол себепті, барлық ықылас пен қошемет, құттықтаулар тек осы жандар үшін.

Осы күні ерекше құрмет әр істің бастауында тұратын ардагерлер қауымына да көрсетілді. Бүгіндері қарт педагогтардың жастарды тәрбиелеуде жүргізіп жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Олардың салған сара жолы – әркімге үлгі. Сондықтан, ардагер ұстаздарға бұл күні арнайы сыйлықтар табыс етілді. Ал кейін барша залда отырған ұлағатты жандардың құрметіне концерт ұйымдастырылды.

Мағжан Ахмадина