Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Ерік Сұлтанов Қытайдың Шаньдун провинциясынан келген делегацияны қабылдады

Аспанасты елінің азаматтарына аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Қазақстанның Солтүстік облысының әлеуеті туралы біраз мағлұмат берді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


– Елімізде Қытайдың 10-нан астам компаниясы жұмыс істейді. Біз олардың өкілдерімен жиі кездесулер өткізіп тұрамыз. Елбасымыз Қытай Халық Республикасына іс-сапармен барып, бірнеше келісім шартқа қол қойды. Осылайша, қытайлық инвесторлар Қазақстан аумағында 52 өндіріс ошағын салатын болды. Оның үшеуі СҚО-да тұрғызылады. Біз қазір ауыл шаруашылығы дақылдары мен өнімдерін терең өңдеуге басымдық берудеміз. Органикалық, экологиялық таза өнімдер шығарамыз.

Аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың айтуынша, облыс аумағында 10 шақты қант қызылшасын өңдейтін зауыт салу керек. Өндіріске қажетті шикізат – қызылшаның шығымдылығы мен сапасы жаман емес деді.
Келешекте аспанасты елінің инвесторлары Тайынша ауданының Ильичевка селосында бидай, ет, сүт өнімдерін өндіретін алып аграрлық кешен тұрғызады.

Чен Пинг – Шаньдун провинциясы Ляочэн қаласы мэрінің орынбасары, ҚХР:


– Елдеріңізде инвесторларға жақсы қолдау жасалады. Оны білеміз. Өңірлеріңізде агроөнеркәсіптік кешен және агроөндіріс дамыған. Дәнді дақылдардан бөлек көкөністерді де өсіруге ауа райы қолайлы көрінеді. Біз алдағы уақытта СҚО-да көлік-логистикалық орталық салуды жоспарлап отырмыз.

Келешекте қытайлық инвесторлармен бірлесіп тұрғызылған зауыттардағы өнімнің 90 пайызы аспан асты еліне саудаланбақшы. Былтырдан бері елімізден Қытайға бидай мен ұн экспорттала бастапты.

Берік Қасен