МТРА жаңалықтары

Қыркүйектің 28-і – Құтырмамен күрес күні

Қазақстанда бұл дерт бар табиғи ошақтардың жалпы ауданы 20 пайызға жетеді. Биыл елімізде 4 бірдей адам құтырма жұқтырып көз жұмды. Ал біздің өңірде бұндай факті соңғы 18 жылда тіркелмеген.

Александр Мельниченко – СҚО тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің бөлім басшысы:

– Құтырма ауруын жұқтырған адамды құтқару мүмкін емес. Сол себепті, үй және дала хайуанаттары тістеген кезде бірден дәрігерге қаралған абзал. Сондай-ақ, құтырған жануардың сілекейі зақымданған теріге немесе шырышты қабығына түскен кезде вирус жұғады. Үстіміздегі жылдың 6 айының ішінде облыстың емдеу мекемелеріне хайуанаттар тістеді деп 804 адам жүгінді, оның 240-ы – бала. Қуанышқа орай, бірде-бірінде құтырма ауруы анықталған жоқ.

Біздің өңірде адамның құтырманы жұқтыру фактісі соңғы жылдары тіркелмесе де, былтыр бұл дертпен ауырған жануарлар анықталды. Уәлиханов ауданында ит, ал Ақжар ауданында бір аңшы атып алған борсық вирусты тасымалдаушы болып табылған. Облысымызға көбіне қауіп жабайы аңдардан келеді. Олардың қатарында түлкілер де бар. Жыл сайын өңірде бұл аңның 2 мыңнан астамы атылып алынады екен. Бұдан бөлек көршілес елден де құтырманың келу қаупі зор.

Марат Ибраев – СҚО ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:


–  Бүгінде Омбы облысында құтырма дерті тіркелген – 40, Түменде – 18, Қорғанда 4 қолайсыз пункт бар. Қауіптің алдын алу үшін тиісті шараларды мықтап қолға алу қажет.

Айта кету қажет, құтырмаға қарсы алдын ала иммундау шарасы жүргізілмейді екен. Ал бұл дерттің адамнан адамға жұғуы екіталай.

 

Риат Шони