МТРА жаңалықтары

Қазанның 5-і Петропавлда «Kyzylzhar Invest – 2016» халықаралық инвестициялық форумы өтеді

Шара қайда және қалай өтеді? Оған кімдер қатысады? Және оның 2014-ші жылғы өткен нақ осындай форумнан айырмашылығы неде? Осы сұрақтарға Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов жауап берді. Еске сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын алғаш рет аймағымызда “Қызылжар инвест” форумы өтіп, оған әлемнің 20 елінен 800-ден астам делегат келген болатын. Жиын қорытындысы бойынша 85,5 млрд теңгенің 62 меморандумы жасалды. Бүгіндері сол жиында бастау алған ауқымды жобалар жүзеге асып, сәтті жұмыс жасап келеді. Енді міне, қалталы азаматтармен тағы бір кездесу өткізіп, өңірге инвестиция тартудың жақсы бір мүмкіндігі туып отыр. «Қызылжар Инвест 2016» халықаралық инвестициялық форумы биыл Спорт сарайында өтеді. Оған еліміз бен шетелден 500-ден астам адам қатысады деп жоспарланып отыр. Жалпы шара қорытындысы бойынша 20-дан астам меморандумға қол қойылады деп межеленген.

Ратмир Ахметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Швецияның адамдарын тосып отырмыз. Тағы өңірлік инвесторлар кеңесінің екінші отырысын өткізбекпіз. Бұл басты артықшылық болмақ. Жоспарлап отырған инвестиция 3 есе көп болмақ. Өткен жылмен салыстырғанда. 3-5 инвестор бізде қалса да жақсы. Олар қаржы құйып, біздің еңбеккерлер жұмыспен қамтылады.

Магжан Ахмадина