МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Өз кәсібінің үздігі” атты байқау өтті

Сайысқа қатысушы алдымен темірді арнайы сызбада көрсетілгендей етіп мұқият өлшеуде. Кейін барып ол толыққанды іске кіріспек. Студентке бұл тапсырманы орындау үшін 90 минут уақыт берілген.

Дмитрий Быков – Петропавл машина жасау колледжінің студенті:


–  Маған ең алдымен терезе бұрышын жасау үшін металлды дұрыс өлшеп, кесу кесу керек. Бір жерден қате жіберсем қажетті зат сызбада көрсетілгендей шықпайды. Сондықтан, асықпай істеудемін. Жалпы, бұл бұйымды жасау қиын емес. Тапсырманы берілген уақыттың ішінде орындаймын деп ойлаймын.

Негізі “Өз кәсібінің үздігі” атты байқау қос кезеңнен тұрады. Олардың алғашқысында студенттер 50 сұрақтан құралған тест тапсырмасын орындаса, кейін күнделікті сабақта қолданатын құрылғылар жайлы баяндады. Мұнымен сайыс аяқталған жоқ. Бірінші кезеңнің соңғы сынында сайыскерлер қазылар алқасы ұсынған түрлі бөлшектерді штангенциркульмен өлшеп, оның құрылысын түсіндірді.

Дмитрий Гуйван – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ бас механигі:


–  Студенттердің колледж қабырғасында алған білімі байқалып тұр. Олар тапсырмаларды ойдағай орындады. Жалпы, бұл оқу ордасының көптеген жастары біздің кәсіпорында оқу-өндірістік тәжірибеден өтеді. Олардың жұмысқа қабілеттілігін сол кезде-ақ байқауға болады.

Байқау соңында жеңімпаздар мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Жалпы, бүгінде Петропавл машина жасау колледжінде 4 мамандық бойынша 300-ге жуық студент білім алуда.

 

Байболат Құлтанов