МТРА жаңалықтары

Күзгі әскерге шақыру науқанында 700-ге жуық теріскейлік бозбала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ

Мақсат Мұқанов – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:

– Оның ішінде 200-ден астамы қарулы күштер қатарына, 100-ден астамы шекара қызметі, 20 адам мемлекеттік күзет қыземтіне әскери міндетін өтеуге аттанды.

Әскерилерге алда атқарар жұмыс жетерлік. Мәселен, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Еркінбек Байболовтың айтуынша әскерге бару туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді қолға алу керек. Сонымен қатар, келісім шарт бойынша қызметке алуға басымдық беру қажет. Жиын соңында көктемгі әскерге шақыру науқанында жақсы жұмыс атқарған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдердің қызметкерлері марапатталды.

Нұржан Төленғұтов – Есіл ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бөлімше бастығы:

– Биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында біз аудан бойынша 38 бозбаланы Отан алдындағы борышын өтеуге жібердік. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8 адамға көп. Міндеттелген жоспарды толығымен орындадық. Бүгін біздің еңбегіміз бағаланып жатыр. Оған әрине, қуаныштымыз. Бұл бүкіл аудандық бөлім ұжымының атқарған жемісті жұмысы.

Айта кету қажет, әскерге барудан бас тартқан азаматтар заң бойынша 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді не болмаса 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, кез келген кәсіпорын басшысы өз мекемесінің жұмысшылары жайлы бар ақпаратты әскери комиссариатқа өткізбей, жасырса 10-нан 40 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді екен. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіндегілердің айтуынша біздің өңірде бұндай фактілер, әзірге тіркелмеген.
Енді облыста қазанның 1-і мен желтоқсанның 30-ы аралығында күзгі әскерге шақыру науқаны жүргізіледі. Жоспар бойынша өңірімізден 700-ге жуық бозбала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.

 

Риат Шони