МТРА жаңалықтары

Ардагер ұстаз Қайролла Мұқановты ұстаздар күнімен құттықтады

Облыстық оқу бөлімінде меңгерушінің бірінші орынбасары болды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де де студенттерге сабақ берді. Ал, зейнетке «Асыл мұра» ғылыми орталығында еңбек етіп жүріп шыққан. Мына тұрған туындылардың барлығы Қайролла Мұқановтікі. Ол – 20 кітаптың авторы. 30 жылға жуық ұстаздық еткен қарт педагог алдағы мұғалімдер күнімен облыс әкімінің атынан білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова құттықтап келді.

Ардагер ұстаз бүгінгі күнгі білім беру сапасына көңілім толады дейді. Сан жылдар бойы Қайролла Мұқановтың алдында білім алған қыз-жігіттер қазір еліміздің әр түкпіріндегі білім беру мекемелерінде оқушы тәрбиелеп жүр. Белгілі дәрежеге жеткен шәкірттері бір төбе. Олар ұстаздарын әр мерекеде назардан тыс қалдырмайды екен.

Қайролла Мұқанов, ардагер ұстаз, ҚР мәдениет қайраткері:


– Еңбегім бағаланды. Орден-медальдарым бар. Шәкірттерім хабарласып тұрады. Қазіргі білім саласына көңіоім тоқ.

Қайролла Мұқанов жары Күлзағи апаймен отасқандарына 60 жылға жуықтаған. Екеуі 4 баладан 6 немере 2 шөбере сүйіп отыр. Күлзағи Ақанқызы да білім беру саласында біршама жыл еңбек еткен екен.

Күлзағи Мұқанова, Қайролла Мұқановтың зайыбы:


– Педагогқа тұрмысқа шыққандықтан мен де педагогикалық институтқа сырттай оқуға түстім. Биология мамандығы бойынша сабақ бердім. Ал, отағасы күні бойы жұмыста болатын. Сіңірген еңбегі мол ғой. Қазірдің өзінде үйде құр отырмай, жазу-сызумен айналысады. Екі қызы әкелерінің ізін қуып тарих факультетіне түсті. Бірі Алматыдағы ЖОО-ның бірінде еңбектенсе, екіншісі жергілікті НЗМ-де сабақ береді.

Қайролла Мұқанов биыл 84 жасқа толды. Қарт педагогтың белі сырқырағанымен, қаламы еш мұқалған емес. Дәл қазір ол «Ел ардақтылары» атты өңірден шыққан әйгілі тұлғалар жайлы кітабын жазып аяқтап қалған.

Ақбөпе Тәңірберген