МТРА жаңалықтары

28 қыркүйек – Дүниежүзілік жүрек күні

Егер 20 жыл бұрын аталған дертке көбіне егде жастағы адамдар шалдықса, қазір онымен жас азаматтар да ауырады. Оның бірнеше себебі бар дейді дәрігерлер. Ол – экология, дұрыс тамақтанбау, дене шынықтырумен аз айналысу және қант диабеті мен артериялық қысым кезінде дұрыс емделмеу. Сондықтан, жұдырықтай жүректің жағдайын нашарлатпау үшін тұзды, қант пен майлы тағамдарды аз тұтынып, спортпен шұғылданған жөн. Тағы скринингтік тексерістерден үнемі өтіп отыру керек.

Михаил Телюк – Кардиологиялық орталықтың қарқынды терапия блогының меңгерушiсi, СҚО шаттан тыс бас кардиологы:


–  Биылғы жылы скринингтік тексерістен өтуі тиіс 41 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың дәрігерге 39802-сі қаралған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Ол тұрғындардың өз денсаулығына салғырт қарамайтындығын аңғартады. Скринингтен өткендердің 4,7 пайызында ауру белгілері анықталып, олардың 93,2 пайызы есепке алынған.

Кардиолог мамандар ең бастысы жүрек мазалай бастаса, бірден мамандардың көмегіне жүгіну қажеттігін ескертеді. Онда дәрігерлер кеңес беріп, уақытылы көмек көрсетеді. Бүгіндері облыстық кардиологиялық орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Соның арқасында ақ халатты абзал жандар дертіне дауа іздеген көптеген адамдардың өмірін сақтап қалған.

Мақсат Құдратуллаев – Облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:


–  2009 жылы орталық ашылғанда біз небары 543 коронарография жасаған болатынбыз, бүгіндері бұл көрсеткіш бір жылда мың жарымға дейін жетеді. Ал 2009 жылы біздер 17 стенттеу жасасақ, қазір 500-ге жуығы орындалады. Ағымдағы жыл бойынша айтар болсақ, 900-ден астам коронарография және 200-ден астам стенттеу жасадық.

Сондай-ақ, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында Дүниежүзілік жүрек күніне орай арнайы көрме ұйымдастырылыпты. Онда қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу туралы ақпарат қамтылған.

Магжан Ахмадина