МТРА жаңалықтары

Темір тұлпар иелері көліктерін сатып алған жерде-ақ өз өңіріне сай тіркей алады

Бұған, әрине темір тұлпар иесі көп уақытын жұмсаушы еді. Қазір тиісті жұмыстардың барлығы жеңілдетілді. Бүгінде әрбір азамат еліміздің кез келген облыс орталығында отырып-ақ машиналарын заңдастыруға мүмкіндік алды. Мәселен, Петропавлдағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы кешеден бері өзге аймақта тіркеуде тұрған 2 азаматтың көлігін рәсімдепті.

Бекен Тайгилов – СҚО ІІД тіркеу-емтихан қабылдау бөлімі бастығының орынбасары:

– Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері кеше Ақмола және Алматы облыстары тұрғындарының көліктерін тіркеді. Олар біздің өңірде жұмыс істейді екен. Осылайша, жүргізушілер тиісті жұмыстарын өздерінің облыс орталықтарына бармай-ақ тындырды.

Жүргізуші еліміздің басқа аймағында темір тұлпарды жаңа үрдіс бойынша өзі тұратын өңірге сай етіп рәсімдейді. Яғни, оған сатып алған көлікті тіркеу кезінде машинасына облыс нөмірі мен техникалық құжаты беріледі.

Бұл үрдісті әлі көлік жүргізушілерінің бірі білсе, бірі біле бермейді. Дегенмен де мұндай жаңашылдықты темір тұлпар иелері тиімді дейді.

–  Бұл үрдіс шынымен де біздер үшін өте ыңғайлы. Өйткені, біз басқа өңірде көлікті тіркеу арқылы уақытымызды үнемдейміз.

– Менің Алматыда жұмыс істейтін достарым бұған дейін көлік сатып алып, оны осында транзиттік нөмірмен әкеліп рәсімдеді. Бұған олар біраз шығындалды және көп уақытын жоғалтты. Сондықтан, өзге өңірде көлікті рәсімдеу үрдісін өз басым қолдаймын.

Айта кеткен жөн, ҚР Ішкі істер министрлігі көліктерді рәсімдеу жұмыстарын оңтайландыруға арналған үрдісті қыркүйек айының 26-сынан енгізіп отыр.

 

Байболат Құлтанов