МТРА жаңалықтары

Петропавлда облыстық құқық қорғау органдары кинолог-мамандарының чемпионаты бастау алды

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:


–  Төрт аяқты серіктер біздің жұмыста теңдессіз көмекші болып табылады. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған чемпионаттың басты мақсаты – тәжірибе алмасу, кинолог-мамандардың шеберлігін шыңдау. Сонымен қатар, қызметтік иттердің жаттығуларды орындаудағы машықтарын жетілдіру.

Облыстық чемпионатқа 22 кинолог қатысады. Дәл қазір сайысқа СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері Жомарт Қадыров дайындалып жатыр. Оның төрт аяқты серігінің есімі – Шула. Тұқымы – орыс спаниелі. Шула есірткі затын іздеп табуда 2014-ші жылдан бері қолғабыс етуде.

Жомарт Қадыров – СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің кинологы:


–  Бұл иттердің ерекшелігі, ол – тұқымында. Аңшы болғаннан кейін барлығын иіскеп табады. Бұны үйреткенде ең әуелі ойыншығын тығып, кейін оны есірткіге алмастырып жүрдік. Ол іздегенде ойыншығын іздеп жүрмін деп есірткіні табады.

–  Ит – жеті қазынаның бірі. Бүгінгі кинологтардың сайысында 4 конкурс қарастырылған. Онда иттер есірткіні табу, адамды іздеу және түрлі кедергілерді бағындырады. Ал ең соңғы қызықты сын, ол – қарулы қылмыскерді ұстау.

Сонымен, сайыс басталды. Ең алдымен иттер кинолог-маманның пәрменін бұлжытпай орындаулары керек. Бұл сын барлығына бірдей оңай болмады. Ереже бойынша кинолог өз итіне бұйрықты бір-ақ рет беруі қажет. Егер де қайталаулар болса онда ұпай саны кеміп отырады. Мәселен, мына бір неміс овчаркасы иесі лақтырған ойыншықты әкелуден бас тартты.

Жеті қазынаның бірі болып саналатын иттердің құқық қорғау саласында еңбегі орасан зор. Жыл басынан төрт аяқтылардың арқасында облыс аумағында 567 қылмыс ашылып, заңсыз айналымнан 170 келіден астам есірткі заты тәркіленген.

Самат Төлебаев – СҚО ІІД кинологиялық қызмет орталығының бастығы:


–  Біздің кинологиялық орталықта 21 ит бар. Төрт аяқтылар осында дайындалады, кейін арнайы дайындығы Алматы қаласында өткізіледі. Кинолог-мамандар таңертең келіп өз иттерін тамақтандырады, сосын далаға шығарып жаттығулар жасайды.

Облыстық құқық қорғау органдары кинолог-мамандарының чемпионаты үш күнге жалғасады. Көзі қырағы төрешілер жеңімпаздың есімін қыркүйектің 28-і жариялайды.

Риат Шони