Спорт

Петропавлда маутинбайктан облыс чемпионаты өтті

Владимир Парахин – велоспорттан олимпиадалық резервтегi балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебiнiң директоры:


–  Бүгінгі сайыста спортшылар жас ерекшеліктеріне байланысты 3 топқа бөлініп бақ сынайды. Белгілі бір қашықтықты бағындырулары тиіс. Біз жылда маутинбайктан облыс біріншілігін Есіл өзенінің жағасында өткіземіз. Өйткені, бұл жер ойлы-қырлы. Халықаралық талаптарға сай келеді.

Енді, орта топтағы жасөспірімдер жарысқа түспек. Қаз-қатар тізілген маутинбайкшылардың қатарында 14 жастағы Никита Коняев та бар. Оның бұл спорт түрімен айналысқанына 1 жарым жыл болған екен.

Никита Коняев – жарысқа қатысушы:


–  Жарысқа жақсы дайындалдым. Әр жаттығуда техникалық шеберлігімді арттырдым. Маутинбайк – экстремалды спорт түрі. Сондықтан, мұнда жолдағы қиындықтарды еңсеру кезінде құлап қалмаған жөн. Бүгінгі сайыста жеңіске жетемін деп ойлаймын.

Бұл топтағы спортшылардың сайысы жанкүйерлер үшін қызықты өтті. Жарыста ұлдар жолдағы ой-шұқырға қарамастан мәре сызығына жеткенше тартысқа түсті. Олар велосипедпен жоғары жылдамдықта жүріп өтіп, 14 минут дегенде 6 айналымды артта қалдырды.

Кейін, кезек ересектерге келді. Олар 12 айналымда бақ сынамақ. Бұл – шамамен 10 шақырым жол. Дегенмен де ара қашықтықты бағындыру маутинбайкшылар үшін оңайға соқты. Мәреге алғаш болып Александр Семенов жетті.

Александр Семенов – маутинбайктан облыс чемпионы:


–  Маған алғашқы айналымдарда қарсыластарымнан озып кету қиын болды. Сол кезде біраз күш жұмсадым. Дегенмен 8 айналымда оларды артта қалдырдым. Жаттықтырушымның айтқан кеңесін тыңдап мәреге бірінші жеттім.

Чемпионатта жеңімпаз атанған спортшылар облыс құрамасына алынды. Олар енді, қараша айында Шымкент қаласында өтетін ел біріншілігінде өңір намысын қорғайтын болады.

 

Байболат Құлтанов