МТРА жаңалықтары

СҚО Кәсіпкерлер палатасы алғашқы 8 айды қорытындылады

Осы күні жолданған шағымдардың 42% өзінің оң шешімін тауыпты. Аталған ұйым жерлестеріміздің мәселелерін облыстық прокуратура өкілдерімен бірлесе қарайды. Олар бүгінде солтүстікқазақстандықтардың 470 млн теңге сомасында бизнес мүддесін қорғапты.

Жеңіс Қазиев – СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:


–  Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратура арасында осыдан 3 жылға жуық уақыт бұрын екі жақты әріптестік жайында меморандум жасалған болатын. Содан бері біз қадағалау органының мамандарымен тығыз қарым-қатынастамыз. Жергілікті кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін болашақта да прокуратура өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейміз.

Ал, биылғы жылы облыстық кәсіпкерлер палатасына 2 жарым мыңнан аса іскер азамат өтініш түсірген. Жерлестеріміздің көбісі салық, жер және табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты мәселелер бойынша шағымданған. Бүгінде қадағалау орган өкілдері 21 әкімшілік кедергіні оң шешуге септескен.

Айтуған Қаскербаев – СҚО прокуратурасының бірінші басқарма бөлімінің прокуроры:


–  Үстіміздегі жылы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы мен еліміздің бас прокуратурасы арасында іскер азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша “Жол картасы” атты жаңа бағдарлама құрылды. Ол 100 бағыттан тұрады. Қазіргі таңда біздің өңірде жобаның 3 бағыты бойынша жұмыстар істелінуде. Онда біз бизнесмендердің алдында туындаған әкімшілік кедергілерді жою және олардың істерінің алға басуы үшін жұмыстар атқарамыз.

Жалпы, биыл жерлестеріміздің өтініштері бойынша облыстық Кәсіпкерлер палатасы прокуратура өкілдерімен бірлесе заңнамаға 1100-ден аса түзету енгізуге ұсыныс білдірген. Оның 850-і мақұлданыпты.

Култанов Байболат