МТРА жаңалықтары

ҚР Әділет министрлігінің интернет-ресурсында тұрғындарға тиімді кабинет жұмыс істеуде

Гүлнәр Садвокасова – қала тұрғыны:


–  Мен үшін Әділет министрлігінің сайтында ашылған кабинет шынымен де өте тиімді болды. Өйткені, бұрын мемлекетке қарызымыз жөніндегі ақпаратты қайдан білуге болатынын білмейтінбіз. Енді, міне үйде отырып-ақ бұл мүмкіндікке қол жеткізуге болады.

Аталған кабинетті пайдалану үшін азамат ең алдымен электронды сандық қолтаңбасы арқылы интернет-ресурсқа тіркелуі тиіс. Кейін барып қана өзіне қажет мәліметті алуға болады. Мамандардың айтуынша бұл жаңашылдықтың, әсіресе автокөлік иелеріне пайдасы зор. Өйткені, көп жағдайларда темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілер жол ережесін бұзғандығын білмей жатады.

Анар Қарабалинова – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:


– Ел тұрғындары соның ішінде автокөлік иелері өздерінің мемлекет алдындағы қарызын ғаламтордағы аталған кабинеттен білмек. Енді, олар осы жаңашылдық арқылы айыппұлдарын онлайн режимінде өтей алады. Тағы жерлестеріміз осы ақпарат көзі арқылы сот орындаушыларына сұрақтарын қойып, қажетті құжаттарды да жібере алады.

Жалпы, бүгінгі күні біздің өңірде 35 мың адам әкімшілік айыппұлға тартылған.

 

Култанов Байболат