МТРА жаңалықтары

Петропавлда дін мәселесіне қатысты облыстық екі күндік оқыту семинары өтуде

Айта кетейін, теріс пиғылдағы діни ағымға ерген жандар өздері ұстанған жолдарын насихаттау мақсатында ақпараттық кітапшалар тарататын көрінеді. Бір жылдың ішінде елімізде мұндай әдебиеттердің алты жүзінің таралуына дер кезінде тосқауыл қойылыпты. Бұл жайлы еліміздің дін істері комитетінің өкілдері айтып отыр.

Тұрар Абуов – Дін істері комитеті дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы, Астана қаласы:


–  Әрине, кез келген салада өзінің маманынан кеңес алған жөн. Бүгінгі таңда көбінесе, жастардың адасуы мамандардан емес, сырттан келген ақпараттан сусындауы арқылы радикалданып жатқан жағдайлар кездесіп жатыр. Әрине, біз де қол қусырып отырған жоқпыз. Дін істері комитеті прокуратурамен бірлесе отырып, бірнеше мыңдаған парақшаларды, сайттарды жауып жатырмыз. Бірақ, қиыны бүгін жапқан портал, ертең басқа атпен ашылуы мүмкін.

Жиынға қатысушылар, әсіресе жастар арасында діни сауаттылықты арттыру керектігін тілге тиік етті. Бұл ретте, әсіресе БАҚ-ның дұрыс ақпарат таратуын атап өтті.

Әсет Мұстафин – «Ауыл арайы» және «Сельская новь» газеттерінің редакторы, Жамбыл ауданы:


–  Біздің ауданда екі газет шығады. Екеуінің тиражы – 4500. Аптасына бір рет шығамыз. Халық біздің басылымды күтеді. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасаймыз. Бірақ, қазіргі кезде біздің газетте дін туралы материалдар көбейіп келеді. Сондықтан, мұндай кездесулер бізге керек.

Теріскей жерінде өтіп отырған бұл семинарға тәжірибе алмасу мақсатында еліміздің бірнеше аймағынан арнайы мамандар шақыртылған. Олар екі күн бойына дін мәселесі төңірегінде әңгіме өрбітіп, білгендерімен бөліспек.

 

Айгерим Ержанова