Билік

Өңірге іс-сапармен келген Н.Назарбаев Спорт сарайында теріскейлік жұртшылықпен жүздесті

Өткен жылдың күз айында қолданысқа берілген нысанда күніне 1200-ге жуық адам спорттың 12 түрімен айналыса алады. Мемлекет басшысы ғимараттың ішін аралап залдармен танысты. Мұнда салауатты өмір салтын ұстанамын деген кез келген адамға барлық жағдай жасалынған. Елімізде спортқа көп көңіл бөлінудің арқасында бұл сала жақсы қарқын алу үстінде.

Алтынбек Аусағитов – “Қызылжар барысы – 2016” турнирінің жеңімпазы:

–  Елімізде спортпен айналысуға барлық жағдай жасалынған. Міне біз үшін зәулім спорт сарайын салып берді. Енді осында жаттыға аламыз.

Александр Винокуров – Лондон Олимпиадасының чемпионы:

– Өткен жылы қолданысқа тапсырылған Спорт сарайына менің атым берілген. Бұл, әрине мен үшін үлкен құрмет. Сол үшін зор алғысымды білдіремін. Бүгінде елімізде спортқа деген көңіл ерекше. 25 жылдың ішінде Қазақстанда 35 мыңнан астам нысан салынды. Бұны шетелдік әріптестерім естігенде таң қалды. Барлығы Елбасының салиқалы саясатының арқасында жасалынып жатыр.

Елбасы облыс әкімі Ерік Сұлтановтың бастамасымен өткен жылдың мамыр айында құрылған “Құлагер” хоккей клубының ойыншыларымен жүздесті. Хоккейшілер Мемлекет басшысына естелік ретінде команданың формасын сыйға тарту етті. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев іс-сапарды қорытындылаған жиын өткізді. Кездесуде осы уақытқа дейін облыста атқарылған қыруар жұмыстар жайында аймақ жетекшісі Ерік Сұлтанов баяндады. Өңіріміз аграрлы болғандықтан осы салаға баса назар аудару қажет. Биыл агроөнеркәсіп кешеніне 23,5 млрд теңге субсидия берілді. Ал 8 айда ішкі жалпы өнім 108 млрд теңгеге жетіп, 13,2 пайызға өсім байқалды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Құны 190 млрд теңге болатын 62 инвест жоба жоспарланған. Оның 9-ы іске қосылды. Тұралап қалған 42 зауыттың тамырына қайта қан жүгіреді. Әзірге, 14-і жұмысқа қызу кірісті. Жыл соңына дейін “Биохим” зауыты іске қосылады. Қытайлықтармен үш жобаны қолға алу жоспарланған. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасының екінші бес жылдығында құны 100 млрд теңге болатын 60-тан астам жоба жоспарланған. Келер жылы қант зауыты іске қосылады.

Халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрғындарды жұмыспен қамту – Елбасы алға қойған тапсырмалардың бірі. Бұл міндет теріскейде абыроймен атқарылуда. Биыл 15 мыңнан астам солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрек тапты. Білім саласына да баса назар аударылуда. Жаңа оқу жылында өңірде үш бірдей мектеп қолданысқа тапсырылып, үш ауысымдық оқыту мәселесі түбегейлі шешілді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Бүгінде өңірде 3 пен 6 жас аралығындағы балалар 98 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Келер жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді. Медицина саласы да қарқынды дамып келе жатыр. Біздің кардиологиялық орталықта көршілес Ресейден де науқастар келіп емделеді.

Елбасы өңірімізде атқарылған жұмыстарға, салынған жолдардың сапасы мен орақ науқанының барысына жоғары бағасын беріп, теріскейлік аграрийлерден осы жылы алтын дәнді жинап алуда рекордтық көрсеткіш күтетіндігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

–  Счастье смотреть на такой хлеб и такую уборку. 5 миллионов 600 тысяч тонн – это небывалый урожай. Рекордный.

Солтүстік Қазақстан елімізде алтын дәннің 3-тен 1 бөлігін беретін облыс. Сол себепті барлық Қазақстан теріскейді республикамыздың басты астықты аймағы ретінде санайтындығын Елбасы қаперге салды. Ал жалпы өңіріміздің қол жеткізген жетістігі ол әрбір тұрғынның аянбай тер төккенінің жемісі деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

–  Я думал о том, что в этом году независимости 25 лет. Так как сейчас казахстанцы никогда раньше не жили. Сегодня наша республика известна во всём мире. Всё это сделали мы. У нас есть своя энергия, мы построили 1700 школ. У нас высококлассные больницы. Выросла продолжительность жизни.

Елімізде жасалған жағдайдың арқасында машина жасау саласы алға басуда. Өткен жылғы орақ науқанында өзінің әуселесін теріскейде құрастырылған “Sampo Asia” комбайны көрсетті. Тың техника шетелдіктерден кем түскен жоқ.

Сәбит Шәкенов – “Қазтехмаш” ЖШС бас директоры:

– Біздің зауыт өткен жылы 50 комбайн мен 60-тан астам түрлі техника құрастырып шығарды. Бұл индустриялдық дамуға көп көңіл бөлінудің арқасында.

Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаев солтүстікқазақстандықтардың алдына бірқатар тапсырмалар қойды. Елбасы агроөнеркәсіп кешенін әртараптантыруда жұмыстарды жалғастыруды міндеттеп, ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемін ұлғайту, асыл тұқымды мал шаруашылығы мен индустрияландыру қарқынын арттыруды жүктеді.

 

Риат Шони