Ауыл шаруашылығы

Мамлют ауданының диқандары орақ науқанын аяқтауға шақ қалды

Жалпы шаруашылық 3 мың гектарға жуық жерге ырыс дәнін сіңірген екен. Бүгіндері соның 200 гектарында ғана бидай қалған. Мұндағы шаруаны диқандар бүгін толығымен аяқтамақ.

Алексей Бредун – «Бредун» КС директоры, Мамлют ауданы:


–  Биыл ауа райы жақсы болды. Соның арқасында орақ науқанын ерте аяқтап жатырмыз. Біз шаруаға тамыздың 25-і кірістік. Содан міне, тоқтаусыз 20 күндей жұмыс істедік. Өткен аптадағы жауын-шашын ғана бізді шамалы бөгеді. Жалпы астықтың сапасы жақсы. Жаңбырға қалдырмай жинап жатырмыз. Гектар берекелігі 18 центнерден айналуда. Биыл 4,5 мың тонна өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз.

Танап басынан астық бірден кәсіпорынның тоғына жеткізіледі.
Орақ науқанына жақсылап дайындалған шаруашылық биыл жаңа техника мен астық кептіргіш құрылғылар алған.

Алексей Бредун – «Бредун» КС директоры, Мамлют ауданы:


–  Биыл “Есіл” комбайнын, 3 трактор алдық. Тағы қосымша агрегаттар және астықты тиеп, тазалап, кептіретін құрылғыларға да ие болдық. Жалпы 100 млн теңге жұмсалды. Өткен жылы астық ылғалды болды. Сол себепті, “Веста” кептіргішін сатып алып қойдық. Ол сағатына 20 тонна астықты кептіруге қауқарлы. Әзірге, оны орнатып жатырмыз.

Мұндай қондырғы мен 10-ға жуық жаңа комбайнды ауданның тағы бірнеше серіктестігі алған. Жалпы мамлюттік шаруалар биыл 117 мың гектардан астам алқапқа астық және 32 мың гектар жерге майлы дақылдар еккен. Бүгіндері шаруаның 82 пайызы еңсеріліпті.

Василий Лисичкин – Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:


–  Ауа райы жақсы болса, аудан шаруалары 3-4 күнде орақ науқанын толығымен аяқтайды. Шағын шаруа қожалықтарының – 150-і, тағы 22 серіктестік жұмысты бітіріп те қойды. Қазір кәсіпорындар келесі жылға қамданып жатыр. Тұқым қорын әзірлеп алды.

Жалпы ауданда 200-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымдары бар.

 

Магжан Ахмадина