МТРА жаңалықтары

Петропавлдағы ботаникалық бақтың жөңделуіне 20 млн теңге бөлінген

Бірақ, 6 жыл бұрын жөңдеу көрген нысанның бүгінде қабырғасы отырып жатыр. Соның салдарынан әйнектер де біртіндеп шытынап сынуда. Бас агроном Равиль Рязаповтың айтуынша, салқын күндері Қызылжар оранжереясы біраз өсімдігінен айырылыпты. Ол қалыпқа келтіру жұмыстарын көптен күттік дейді.

Равиль Рязапов – “Қызылжар оранжереясы” МКҚК бас агрономы:


– Осыдан 6 жыл бұрын қараша айында шатырымыз ұшып кетіп, нысан ішінде жайқалып өсіп тұрған біраз өсімдігіміз солып қалған еді. Сол кезде күн -20 градусқа дейін суытып кеткен болатын. Одан кейін ғимараттың кірпіштері бұзылып, қабырғасы отыра бастады. Біз нысанды қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу туралы өтінішіміздің жерде қалмағанына қуаныштымыз. Барлық шаруа күн бұзылмай тұрғанда аяқталса екен.

Ғимаратты мердігер компания “Еңбек-Қызылжар” кәсіпорны мен «Мирас Group» серіктестігінің жұмысшылары қайта қалыпқа келтіруде. Учаскеде жүрген 10 адам барлық шаруаны 1 айдан кейін толығымен бітірмекші. Жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен 20 млн теңге қаражат бөлініпті.

Самат Момонов – «Мирас Group» ЖШС шебері:


– Мұндағы шаруаға кіріскенімізге бір апта болды. Ескі кірпіштерді толығымен алып тастап, орнына жаңасын қалаудамыз. Учаскеде 10 адам жұмыс істеп жатыр. Материалдар жеткілікті. Әр күнді тиімді пайдаланып қалуға тырысудамыз.

Құрылысшылар ғимараттың шатыры мен сынған әйнектерін де ауыстырады.

Тоғжан Ақмағамбетова